Махамбет ауданының ардагерлері құрметке бөленді

Ауданда аудан ардагерлерін құрметке бөлеген мерекелік шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев, бірқатар құрметті қонақтар, сала басшыларымен ауданның ардагер қариялары қатынасты.

Ардагерлер – ардақты, қадірлі адам деген мәнді білдіретін этикалық ұғым. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық ардагер деп жоғары бағалайды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау облысының құрметті азаматы Мұрат Сақтайұлы ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарына алғысын білдірді. Бір топ ардагерлерді түрлі дәрежедегі орден, медалдармен марапаттады.

Аудан басшысы өз сөзінде алдыңғы буын аға-апаларымызды әрдайым да құрметтеу керектігін айтты.

– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатырған салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі әрқайсыларыңыздың еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл парасатымен, адамгершілік асыл қасиеттерімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады. Осындай қасиеттер бойынан табыла білген Сіздер үшін бүгін мереке – деді, аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы.

Ардагерлерге аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, сый құрмет көрсетілді.

Мерекелік шараға жиналған қазыналы қарияларға Махамбет ауданының «Шашу» ұлттық аспаптар ансамбльімен аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасы көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.