Мақаттық көпбалалы анаға баспана сыйлады

Атырау қаласында ұйымдастырылған «Iftar time» кешінде доссорлық ана үшін ерекше тосын сый жасалды, деп хабарлайды maqat-tynysy.kz тілшісі.

Қайырымдылық ауызашарына арнайы қонақ ретінде шақырылған ол күтпеген жерден жаңа үйдің кілтіне ие болды. Баспана «ASAR NAURYZ 100 отбасы, 500 бала» акциясы аясында «Asar Ume» қайырымдылық қорының атынан тапсырылды. 4 баласы бар жалғызбасты ана Ләззат Бүркішова мейірімді жандардың көмегімен аяқ астынан үйлі болғанда қуанышы қойнына сыймағандығын айтады. Оның енді Доссордың төрінде 8 бөлмелі үйі бар. Жалғызбасты ана бұрын Доссор кентінде тұрып келіп, үлкен ұлы студент атанғалы бері Атыраудың Томарлы ықшам ауданында үй жалдап жүруге мәжбүр болған. Оның үстіне бір баласы логопедтің көмегіне жүгінсе, бір баласы жақын арада мүгедектік алуы тиіс. Елге танымал «Asar Ume» қорының Атырау облысы бойынша өкілдерінің бірі жерлесіміз Талғат Құсайыновтың айтуынша, жақын арада тағы бір доссорлық отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.

А.ЖҰМАБЕКҰЛЫ