«Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Ембімұнайэнерго» басқармасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың еңбек ұжымымен кездесуі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Кездесу Мәжіліс депутатының Атырау облысына жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Жиынға басқарма қызметкерлері, сондай-ақ Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрайымы Нұрайнаш Камалова қатысты.
Жиын барысында Ажар Сағандықова Парламентте қаралып жатқан заң жобалары, депутаттық сауалдар және өзі көтеріп жүрген әлеуметтік мәселелер туралы баяндады. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қоса алғанда, әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін тұрақты түрде көтеріп жүргенін айтты. Сондай-ақ жас мамандарды қолдауға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде тағылымдамадан өту кезеңін жалпы еңбек өтіліне енгізу және практика кезінде жалақы төлеу мәселелері бар.
Мұндай кездесулердің қажеттілігі еңбек ұжымдарының өзекті мәселелерін тікелей депутаттарға жеткізуге мүмкіндік беруімен байланысты. Бұған дейін көптеген түйткілдер ресми форматта ғана айтылса, енді ашық диалог орнауда.
Өз кезегінде Нұрайнаш Камалова партияның облыстық филиалының жұмысы мен негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.
Бамқосуда экологиялық айыппұлдардың өңірде қалдырылып, мақсатты түрде пайдаланылуы, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер, сондай-ақ дәрі-дәрмек бағасының тұрақсыздығы талқыланды. Қойылған сұрақтардың барлығына тиісті жауаптар берілді.
Эмир Артуров.
Фото: «Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі.