Құрманғазы ауданында Президент Жарлығына сәйкес, ауданға қарасты барлық ауылдық округтің әкімдері атқарған жұмыстары бойынша тұрғындар алдында есеп беру жиынын аяқтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ауданда халық саны жағынан ең үлкен Құрманғазы ауылдық округі бойынша жыл ішінде жүргізген жұмыстары жөнінде округ әкімі Абдуррахман Муса есепті баяндамасын жасады. Бұл туралы Құрманғазы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Көше жарығына және трансформаторларды, ауылішілік автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жоспарланған қаржы толықтай игерілді. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауылымыздың 17 көшесіне көше жарығы жүргізілді. Сонымен қатар 3 саябақ : Тәуелсіз Жастар, Тәуелсіздік, Боздақтар қыркүйек айында толықтай жарықпен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы «Шипажай» және «Болашақ» мөлтек ауданынан 468 тұрғын үйлер салуға жер телімдерін беру жұмысы басталды. Күзгі-қысқы дайындық жұмыстары бойынша Атырау көшесіне жаңадан электр желісі жүргізіліп, А.Нұрғалиев көшесінде орналасқан жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қоса, Құрманғазы және Кадырка су тазарту қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлініп, толықтай игерілді, - дей келе округ әкімі бұдан өзге мәдениет, спорт, қайырымдылық шаралардан да хабардар етіп өтті.
Кездесу барысында округ әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Ауыл тұрғындары иесіз ит-мысықтың көбейіп, адам өміріне қауіп төндіру мәселесін көтерді. Сондай-ақ , елді мекен тұрғындары ауылішілік жол құрылысына қатысты да бірнеше мәселені ортаға салды.
Сонымен қоса, жиында тазалық, абаттандыру жұмыстарына да қатысты сөз қозғалды. Сұрақтар сараланып , тиісті бөлім басшылары жауаптарын берді.
Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Измұханұлы ауыл әкімі деңгейінде шешілуі тиіс мәселелерге қатысты тапсырмалар міндеттеді. Сонымен қатар, халықпен есептік кездесулерге ауылдық округке қарасты барлық бөлім басшылары жиынға қатысып, жергілікті тұрғындардың сауалдарына бірінші кезекте жауап берулері тиіс екенін ескертті.
Бұдан өзге Марат Хасанов осы жыл еншісінде ауылдық округті дамыту бағытында атқарылатын жобалармен таныстырып, жиында айтылған халық ұсынысы аудан әкімдігінің іс шаралар жоспарына енгізілетінін айтты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ