Құрманғазы әкімі тұрғындарды тыңдады

Аудан әкімі Марат Мурзиев жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен жұмысқа орналасу, тұрғын үй және өзге де мәселелер бойынша жүгінді.
Жұмыссыздық мәселесімен келген тұрғындарды тыңдаған аудан басшысы көпшілігінің мамандықтарына қатысты округ әкімдеріне бос жұмыс орындары бойынша мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды. Ал мамандығы жоқ тұрғындарға ақылы қоғамдық жұмыспен бос орындар кезекпен ұсынылатын болды.
Баспана қажеттілігі бойынша жүгінген азаматтарға тұрғын үйлердің заңдылыққа сәйкес әр санат бойынша кезектілікпен берілетіндігі түсіндіріліп, қабылдауға келген тұрғындардың мәселесін бақылауға алу аудан әкімінің жауапты орынбасарына жүктелді.
Бұдан бөлек, Құрманғазы ауылдық округінен келген тұрғын елді мекенге ауылішілік жол қажеттігін айтты. Бұл мәселеге қатысты аудан басшысы ауданның кешенді даму жоспарында ауылішілік, соның ішінде елді мекендерде қамтылмай қалған көшелер де қарастырылатынын түсіндірді.
Жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесі бақылауында болатындығын айтып, олардың әлеуметтік жағдайына сәйкес қолдау шараларын көрсетуді округ әкімдеріне, салалық орынбасарларына, дербес бөлім басшыларына жүктеді.
Айта кетейік, аудан әкімінің тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдауы әр аптаның сәрсенбі күні өткізіледі.
Қабылдауға 2-06-90, 2-13-76 байланыс нөмерлері арқылы жазылуға болады.