Үкімет: Мемлекет тек шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей көмек көрсетеді

Мемлекет әлеуметтік қолдауды тек шын мұқтаж азаматтарға бағыттайды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбатында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындап берген.

- Президент қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтай отырып, ұзақмерзімді нәтижеге басымдық беруді және даму қарқынын арттыруды тапсырды. Бұл энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризм секілді маңызды салаларды қамтиды, - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы фискалдық саясатты қайта құруда бақылауға емес, серіктестікке басымдық беру қажеттігін атап өткен. Бұл әлеуметтік теңсіздіктерді теңестіруге мүмкіндік береді.

Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық сектордағы реформаларды уақытылы әрі сапалы іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

- Әділетті тарифтер - осы бағыттағы нақты қадам. Мемлекет өз кезегінде шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей көмек көрсетеді, - деді Премьер-министр.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, көлік-логистикалық тораптарды салу, теңіз порттары, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалған.