Қиғаш тұрғындарын не мазалайды?

Аудан әкімдерінің жұмыс алгоритміне сәйкес, ауылдық округтерде халықпен кездесу кестесі бекітілген болатын. Осыған орай, аудан басшысы Марат Мурзиев  апталық жоспарға сай, Қиғаш ауылдық округі тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Құрамына Қиғаш ауылы және Д.Нұрпейісова елді мекені кіретін округте атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Округ әкімі Марина Жүнісова алдымен түйінді мәселенің бірі - ауылдың шығыс бағытындағы «Қазақ ауыл» көшелеріндегі табиғи газ құбырларындағы газ қысымын реттеу жұмыстары басталғанын қаперге берді. Атап айтсақ, аудан әкімінің тапсырмасы негізінде, 400 метр табиғи газге арналған пластикалық құбыр жүргізіліп, қазіргі кезде газ қысымы реттелген. Жылыту маусымы аяқталған соң, диаметрі аздық ететін көшелердің құбырын ауыстыру жұмыстары жалғасын табады. Осы орайда, округ әкімі бұл жұмыстардың сапалы жүруіне көмектерін берген «Қиғаш» бас сорғы стансасының басшысы М.Канбетов пен қызметкерлеріне тұрғындар атынан алғысын білдірді. Басқосу барысында ауыл тұрғындары интернет жылдамдығы баяулығын, ауылға спорт кешені салынса, жол мәселесі және оны күтіп ұстап жұмыстары жүйеленсе деген ұсыныс-сауалдарын жолдады. «Қазақ ауылы» көшесі тұрғындарының атынан сөз алған  Мукашева Света есімді тұрғын аудан басшысы мен округ әкіміне табиғи газдың қысымын реттеу жұмыстарын қолға алғандары үшін ризашылығын білдірді.

Аудан әкімі Марат Мурзиев тұрғындар тарапынан туындаған ұсыныстарды тыңдап, жасалып жатқан және жоспарланған жұмыстарға тоқталып өтті.

- «Көтерілген мәселелер орынды, округте атқарылған жұмыстармен қатар, ағымдағы жылға жоспарланған іс-шаралар да бар. Солардан сіздерді хабардар етсем, жол мәселесі бойынша аудандық маңызы бар Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-Қиғаш автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Жоба бойынша 43 шақырымды қамтиды. Қазіргі кезде Ақкөл округінен Қызылоба ауылына 22 шақырым жер тегістеу жұмыстары да қарқын алды. Нарық аясындағы бағаның өсуі себепті, жобалық сметалық құжаты қайта жасақталуда. Дегенмен, мердігер мекеме оған қарамастан, жұмыстарын жалғастыру үстінде. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жол құрылысы аяқталғанға дейін «Атырау жолдары» мекемесіне  жолды күтіп ұстау жұмыстарына тапсырма беріп, бақылауға аласыздар. Спорт кешені жайында, қазіргі кезеңде 4 округте арнайы кешен бар, 7 округке жобалық сметалық құжаттары жасақталуда. Өткен жылы ауданымызда елді мекендерді спорт және балалар алаңдарымен қамту мақсатында екі үлкен жоба басталған болатын. Бір жоба аяқталып, 15 елді мекенге қаражат мәселесі қарастырылуда. Екінші жобаға Қиғаш ауылы мен Нұрпейісова елді мекені енген. Жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.  Әр жобаның орындалу мерзіміне қарай кезең-кезеңімен жасалады», - деген аудан басшысы ауылдық елді мекендер мәселесі әр кезеңде басты назарда ұсталатынын жеткізді.

Сондай-ақ,  аудан әкімі интернет желісі, ауылдық округтегі «Құрманғазы Су арнасы» мекемесінің қызметкеріне қатысты туындаған сауалдарға орай тиісті мекеме басшыларынан түсініктеме берулерін талап етті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ