Халықтың өсуі мемлекет жүргізіп отырған отбасылық және демографиялық саясаттың оң динамикасын көрсетеді

Мемлекет елдегі және әлемдегі динамикалық экономикалық жағдайда бала тууды ынталандыру және ана мен баланы қолдау мақсатында отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте, балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесін одан әрі жетілдіру елдің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта ел халқының саны 20 млн адамға жетті. Халықтың өсуі, ең алдымен, мемлекеттің қазақстандықтар үшін қолайлы жағдайлар жасауымен байланысты.

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңдеріндегі басқа да әлеуметтік қорғау шаралары жүйесін қамтитын балалары бар отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған. Сондай-ақ, балалы болғысы келетін отбасыларға арналған ЭКҰ бағдарламасы жүзеге асырылуда. Елдегі демографиялық жағдайды жақсартудың бір бағыты – бала туу деңгейін, оның ішінде көп балалы отбасыларды материалдық немесе басқа да (жәрдемақылар, төлемдер, бірқатар салықтардан босату және т.б.) ынталандыру;

Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді (орташа айлық жалақының шамамен 40%-ы), бала тууға арналған (бірінші, екінші, үшінші баланың тууына – 110 846 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша, (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін), отбасының табысын есепке алмай төленетін мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналар үшін (48 023 теңге) жәрдемақыны қамтиды.

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.

Атаулы әлеуметтік көмекті арттыру және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылы отбасыдағы балалардың санына қарай сараланған мөлшерде табысын есепке алмай тағайындалатын жәрдемақының жаңа түрі енгізілді (4 баласы бар отбасылар үшін 16,03 АЕК – 46 760 теңге, 5 баласы барлар үшін - 20,04 АЕК - 58 457 теңге, 6 баласы барлар үшін - 24,05 теңге АЕК - 70 154 теңге, 7 баласы барлар үшін - 28,06 АЕК – 81 852 теңге, 8 және одан көп баласы барлар үшін – әр балаға 4 АЕК).

Табысы төмен отбасыларға (отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда отбасы үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен тұрғын үй және қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген.

Тыныштық МӘТЕШОВА,

ардагер акушер-гинеколог