«Халық қатысатын бюджет»: Атырауда 40 спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді

Атырау қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде тұрғындардың тікелей ұсыныстары негізінде салынған 40 ойын және спорт алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauPress Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа нысандар халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, барлық қауіпсіздік талаптары толық сақталған. Атап айтқанда, кіші футбол алаңдарына шаршы метрі 17 мың дитекс көрсеткіші бар заманауи жасанды көгал төселіп, түнгі жарықтандыру шамдары орнатылған.

Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, алаңдар көпжылдық тәжірибені ескере отырып салынған.

– Қала аумағында аула футболын дамыту жұмыстары 2006 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Биыл пайдалануға берілген алаңдар жиырма жылға жуық тәжірибе негізінде, бұрын анықталған барлық кемшіліктер ескеріліп салынды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында Қытайдан арнайы жасанды көгалға тапсырыс берілді. Оның бір шаршы метрінде 17 мың талшық шөбі бар, бұл жабындыны қалың әрі жұмсақ етеді, – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау қаласында 700-ден астам ойын және спорт алаңы бар. Барлық нысандар тұрғындардың еркін пайдалануына беріліп, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қызмет етіп келеді.