Ықылым заманнан берекені бірліктен іздейтін қазақ елінде бейбітшілік, келісім мен достықтың нағыз көрінісі қалыптасқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
- Ұлттар арасындағы достық пен бірлікті нығайтудың мәні неде?
- Патриоттық рухты жоғарылатудың қандай жолын ұсынасыз?
- 1 мамыр – айрықша күн, мемлекеттік мереке. Оны атап өтудің форматын өзгертіп, қайта жаңғыртқан дұрыс па?
Адхам КУЛМЕТОВ, «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі:
-
– Қазақта «Бірлігі бекем елдің берекесі мол» деген сөз бар. Ынтымақ пен татулық жарасқан жерде қашан да берекелі өмір болады. Бұл жерде еткен еңбектің де жемісті болары анық. Өзге елдердегі қақтығыстарды көргенде жан түршігеді. Жылдар бойы қалыптасқан алпауыт мемлекеттердің тыныштығы бір сәтте бұзылып жатыр. Талай бала жетім, әйелдер жесір қалуда. Осының барлығы бүгінде достықты, бірлікті нығайтудың маңыздылығын айшықтап тұр.
-
– Патриоттық рухты қалыптастыру отбасынан басталады. Шағын елде тәрбиенің іргетасы мықты қаланса, әр адам өз елінің шын жанашыры болады. Бүгінде ата-аналар ең алдымен бар жақсыны өздерінен бастауы керек. Бала үшін ең бірінші ұстаз – өз атаанасы. Бала ата-анаға қарап бой түзейді, сөз түзейді.
-
– Қазақ – қонақжай халық. Оның қандай дәстүрі де дастарханнан бастау алары сөзсіз. Бірлік күнінде өзге ұлттар қиын-қыстау заманда бір үзім нанын бөліп берген қазақты ерекше құрметтеп, төріне шығарып, барлық ұлттың тағамдарынан дәм татқызған дұрыс. Дәл осы күні «Біз біргеміз!» акциясымен мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырса да артық емес.
Пікірді жазып алған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА