"Қаладағы ең басты мәселе - жол": Облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласының тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады, деп хабарлайды AtyrauPress облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Алдымен аймақ басшысы Атырау қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Мұнда Балықшы ықшам ауданына жол салу мәселесі өзекті.

- Қаладағы ең басты мәселе - жол. Бүгінде қаладағы ішкі жолдың 10%-ы қанағатсыз жағдайда немесе 50 шақырым жолдың 10 шақырымында асфальт жоқ. Атырау мен Құлсары қаласына ішкі жолдар салу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Жол жөндеу кезінде алдымен әлеуметтік нысандар орналасқан орталық көшелерге, кейін қалғанына асфальт төсегенімізді өздеріңіз білесіздер. Сол кезде жолдар салынбай қалған көшелер бар. Сондай-ақ орталық көшелерді қалыпқа келтіру, кеңейту жұмыстары басталды. Алдағы уақытта 50 шақырым жолдың құрылысы үшін құжаттама жасалып жатыр. Балықшы ықшам ауданындағы Абай көшесінің бойындағы жол жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Қожақаев көшесіне асфальт төсеу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға өтті. Қорытындысы алынған соң, құрылыс жұмыстары басталады. Бұған қоса, осы көшенің бойындағы екі қабатты апатты үйлер сүріліп, орнына сквер салу туралы қала әкімдігі ұсыныс енгізді, - деді С.Шәпкенов.

Жиында қала тұрғындары жер беру, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз сумен, жұмыспен қамту, байланыс желісінің сапасын арттыру, жолдарды қайта қалпына келтіру сынды әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Серік Шәпкенов кездесуде айтылған барлық мәселе жіті бақылауында болатынын, проблемалар заң аясында шешімін табатынын айтты.

Кейін облыс әкімі 30-дан астам азаматты жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Өтінішін айтып келген тұрғындардың мәселесін сала мамандарымен бірге тыңдап, қажетті кеңес берді.



Анықтама үшін: Атырау қаласында 404 844 адам тұрады. Мұнда 73 мектеп, 23 денсаулық сақтау мекемесі, 15 спорт кешені және өзге де әлеуметтік нысандар бар.

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Атырау қаласы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.