«Күз-2023»: жас сарбаздар ант қабылдады

11 қараша күні Атырау қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің Атырау гарнизоны N41433 әскери бөлімінде «Күз-2023» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінен жасақталған жүзден астам сарбаз әскери өмірдің табалдырығын аттады.

Салтанатты жиынға Қорғаныс министрлігінің Атырау гарнизоны N41433 әскери бөлімінің басшылық құрамы, ардагерлер алқасы және сарбаз ата-аналары қатысты.

Жиынға қатысушылар сарбаз өмірінде қайталанбайтын сәттің мән-мағынасына терең тоқталып, жас сарбаздардың алдағы жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Мәртебелі міндет жүктеген сарбаздар, жауынгерлік қызметте он екі ай ел қорғанысының беріктігі үшін сап түзейтін болады.