Қызылқоғалық бес отбасы қоныс тойын тойлады

Қызылқоға ауданының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойы қарсаңында бес отбасы жаңа қонысқа кірді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Жасқайрат ауылының үш, Көздіғара ауылының екі отбасына төрт бөлмелі жаңа баспаналарының кілті салтанатты жағдайда табысталды.

- Өздеріңізге мәлім ауданда құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Осы тұрғыда менің алдыма қойған негізгі мақсаттарымның бірі - тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін баспаналы болуы. Ауданда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артуда. Өткен жылдың өзінде тұрғын үй кезектілігінің 5 санатына сәйкес 83 пәтер сатып алу жоспарланып, 56 тұрғын жаңа қонысына кірді. Аталған бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек,- деді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.

Баспаналы болған жандар ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік әлсіз топ, көп балалы, апаттық жағдайдағы тұрғын үй санаттары бойынша кезектілікте тұрғандар.