Бұл туралы аудан әкімі Абат Жанғалиев айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Жарықпен қамту мәселесі қанағаттанарлық деңгейде, - дейді ол. – Атап айтсам, Көктоғай, Ақкөл округтерінде жарық желілері қайта жаңғыртылуда. Осыған дейін Құрманғазы, Орлы, Шортанбай мен Еңбекші округтерінде бұл жұмыстар толықтай аяқталды. Ал, Көктоғайдағы жұмыстарды мердігер «Мелиорация» ЖШС-і (Шымкент қаласынан) осы жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Сол секілді, Кудряшов ауылында жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасақталуда. Мердігер – «Строиконсалтинг» мекемесі. Мұнда екі шақырым жарық желісі мен 52 электр бағаны ауыстырылмақ. Дыңғызыл округінде де ЖСҚ жасақталып жатыр.
Бұл жерде ескере кететін бір жайт, кеңес дәуірінде бағаналар ағаштан жасалса, соның бәрі қазір темірге ауыстырылуда. Заңға сай, жер қазу жұмыстары жүргізілетіндіктен бұның бәрі ЖСҚ арқылы ғана жүзеге асады. Сондай-ақ, бұрынғы көше жарығын енді заманауи лед-шамдар алмастыруда. Алдағы уақытта бұл жұмыстар барлық ауылдарда жүргізілетін болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: иллюстрация