Атырау облысы әкімшілігінің тапсырысымен Құрманғазы ауданы Кадырка ауылында үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын-үй нысанының құрылысы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Бүгінде құрылыс жұмыстарының мердігер мекемесі анықталып, NCOC компаниясымен келісім шарт жасақталуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда құрылыс алаңын қоршау жұмыстары жүргізілуде.
- Құрылыс нысанына бөлінген 1 млрд 300 млн NCOC компаниясы арқылы каржыландырылады. Нысанның жұмыс барысы мен материалдық-техникалық сапасын тапсырыс беруші мекеме – облыстық Құрылыс басқармасы мен NCOC компаниясының техникалық қадағалаушы мекемелері тексеретін болады,- деді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр.