Көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға төлемдер көлемі қандай?: Бұрынғы және қазіргі мөлшер

2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға көбейді, деп хабарлайды AtyrauPress.

 Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімеді.

Өсімнің нәтижесінде биыл осы санаттағы азаматтар алған төлемдердің де, қамтылған отбасы санының да көлемі артты. Жыл басынан бері жалпы 846,5 мың отбасы жәрдемақымен қамтылып, оларға 501,8 млрд теңге төленді. Оның 436,5 млрд теңгесі – 603 мың көпбалалы отбасына, ал 65,2 млрд теңгесі – 243,4 мың наградталған анаға берілген.

Бұрынғы төлемдер 2024 жылғы мөлшерлемелер негізінде төмен болған. 2025 жылғы өсімнен кейін көпбалалы отбасыларға берілетін айлық жәрдемақы 4 бала үшін 63 030 теңгеге, 5 балаға 78 798 теңгеге, 6 балаға 94 565 теңгеге, 7 балаға 110 332 теңгеге дейін өсті. 8 және одан көп бала үшін әр балаға 15 728 теңге төленеді. Мұның барлығы 2024 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға жоғары.

Наградталған аналарға тағайындалатын жәрдемақы да артты. 2025 жылы «Күміс алқа» иелері айына 25 165 теңге алса, «Алтын алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері 29 097 теңге алады. Бұл төлемдер де былтырғыдан 6,5%-ға көп.

Жалпы алғанда, 2025 жылдан бастап мемлекет көпбалалы аналар мен марапатталған аналарды қолдау көлемін ұлғайтып, әлеуметтік төлемдердің нақты өсімін қамтамасыз етті.