Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдіріліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмалары аясында медиа саласына қатысты бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылуда.
Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа толмаған азаматтардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобаларын әзірлеген.
Ұсынылған өзгерістер онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеуге бағытталған. Қазіргі таңда заң жобалары сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылған.
Министрдің айтуынша, бұл нормаларды тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын анықтау тетіктері әзірленеді. Қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын енгізу де қарастырылады.
Сонымен қатар, халықтың медиасауаттылығын арттыру және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және басқа да тетіктер арқылы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама табысын бөлу, сондай-ақ кейбір тауарларды жарнамалауға қойылған тыйымды ішінара алып тастау мәселелері де заңнамалық деңгейде қарастырылуы мүмкін.
Айта кетейік, ұсынылып отырған өзгерістер медиа кеңістіктегі жауапкершілікті арттырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына серпін беруге бағытталған.
