Былтыр Атырау облысына «Қазақстан халқына» қорынан 2,1 млрд. теңге бөлініп, ізгі істер атқарылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі
Аталған қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева бүгінде өңірде 3,2 млрд. теңгеге 15 қайырымдылық іс қолға алынғанын айтады.
– Өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулары бар сегіз атыраулыққа 1,4 млрд. теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды, - дейді ол. – Екі тұрғынның Оңтүстік Корея мен Үндістан клиникаларындағы еміне 74,7 млн. теңге төленді. Тамырлы патологиясы бар алты балаға медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту шеңберінде «Атырау облыстық балалар ауруханасы» КМК-на 95,2 млн. теңге сомасына жабдық жеткізу жоспарланып отыр. Алты тұрғынға 76,9 млн. теңгеге инновациялық протездер, тірек-қимыл аппараты бұзылған бір балаға 9 млн. теңгенің экзоскелеті берілді. Дене шынықтыру-сауықтыру клубы мен «Жылыой орталық аудандық ауруханасы» базасында ерекше қажеттілігі бар балаларға 241,2 млн. Теңгеге оңалту орталығы ашылды.
Сол секілді, биыл талапкерлер үшін 30 білім гранты тағайындалды. Сафоновка ауылының Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Екінші кезең бойынша жалпы сомасы 500 млн. теңгеге екі тірек мектеп (Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп пен Миялы ауылындағы Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп) құру жоспарлануда.
Облыстағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат пен сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернаты 58,1 млн. теңгеге тағы жарақтандырылмақ.
Өңірде инженерлік құзыреттілікті дамыту мақсатында 4 мектепте робототехника кабинеттері ашылып, олар жалпы сомасы 14,4 млн. теңгеге робототехниканы зерделеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталған еді.
Ауыл мектептерінің, шағын қалалар мен моноқалалар мектептерінің оқушылары үшін қосымша білім берудің қолжетімді және сапалы ортасын құруға бағытталған «Болашақ инженерлер моноқалаларда» бағдарламасы бойынша Құлсары қаласында 54 млн. теңгеге 12 мектеп жарақтандырылатын көрінеді. Құлсары қаласында, Елтай, Ақкөл, Құрманғазы, Нұржау, Жангелдин, Ортақшыл ауылдарында сегіз спорт залын ашу жоспарда бар.