Үйге мұқтаж азаматтар баспаналы болды
Атырауда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға сатып алынған 132 пәтердің кілтін табыстау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Айта кетейік, 1 ақпан күні Атырауда тұрғын-үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 132 пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Нұрсая шағын ауданындағы «Латифа» тұрғын-үй кешенінен пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қала әкімі Шәкір Кейкин арнайы қатысып, пәтер иелерін құттықтады.
- Бүгін көптен күткен пәтерлеріңіздің кілті қолдарыңызға табысталғалы тұр. Осы қуаныштарыңызбен облыс әкімі Серік Жамбылұлының және өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын! Атырау қаласында 21 мыңнан астам азамат тұрғын-үй кезегінде тұр. Баспана кезегін азайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, түрлі бағдарламалар іске қосылып жатыр. Аймақ басшысының қолдауымен сатып алынған 132 пәтер - жүйелі жұмыстарымыздың жемісі. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілгелі жатырған бұл баспаналар, осы азаматтардың басты мәселелерінің бірін шешеді деп ойлаймын. Отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке тілеймін!-деді Ш.Кейкин.
Сондай-ақ, құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталған тұрғын-үй кешенінің әр пәтері, жеке жылыту қазандықтарымен қамтылған. Бұл жылу маусымының бекітілген уақытын күтпей, өз қалауы бойынша пәтерді жылытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, алдағы уақытта қаладағы тұрғын-үй кезегін азайту бағытында бірқатар жұмыстар мен жобалар жоспарлы түрде жалғасатын болады.