Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы 1960–1970 жылдары салынған екі қабатты үш тұрғын үй апатты деп танылып, толықтай бұзылуда. Мұнда барлығы 17 пәтер болған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Еске салсақ, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, апатты үйлердің тұрғындарына арналған жаңа, заманауи талаптарға сай 17 пәтерлі үй салынып, қыркүйек айында исатайлықтар жаңа баспаналарына қоныстанған.
⁃ Ғимарат барлық инженерлік желілермен қамтылған: газ, су, жарық және кәріз жүйелері жүргізіліп, ауласы абаттандырылған. Бастама аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі қолайлы баспанамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беріп, апатты үйлер мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі болып отыр, - деді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейісов.
Сала мамандарының сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар аудан бойынша кезең-кезеңімен жалғасады.