Индерде ойын алаңдары пайдалануға берілді
25 қазан Республика күні қарсаңында Индербор кентінің үш жерінен, атап айтсақ орталық мешіттің маңындағы М.Горький көшесі, Шығыс мөлтекауданы Р.Қошқарбаев көшесі және Болашақ мөлтекауданы Ғ.Мүсірепов көшесі бойынан жаңадан ойын алаңдары ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Мурзин пайдалануға берілген спорт алаңдары алдағы уақытта аудан жастарының спортпен шұғылдануына және жазғы маусымда мектеп оқушыларының уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретіні жөнінде айтып, мөлтек аудан тұрғындарын ойын алаңдарының ашылуымен құттықтады.
Әрбір алаң 1376 шаршы метр құрайтын ашық алаңдағы жаңа кешенде шағын футбол, Street Workout алаңшасы және балалар ойын алаңымен жабдықталған. Ойын алаңдары жасанды көгалмен, жаттығу орындары арнайы жабынмен қапталған. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдары орнатылды.
Спорт алаңының құрылысы «Жайық Сити» ЖШС-нің мердігерлігімен ағымдағы жылдың шілде айында басталған болатын.
Айта кетейік, мұндай спорт алаңдарының құрылысы М.Әуезов және «Көктем» қазақ орта мектептерінің аулаларына салынуда. Алдағы уақытта балалар игілігіне табысталатын болады.