Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында аудан әкімі Д.Шамұратов ауданның дамуы жолында әр салада еңбек етіп жүрген ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерді қабылдап, құрмет көрсетіп, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Одан әрі мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде "Ардақты Ана, Батыр Ана, Ер Ана” атты салтанатты шарамен жалғасын тапты.
Мерекелік шарада аудан әкімі Д.Шамұратов барша әйелдерге ізгі тілегін жолдап, ауданның экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген аналарды облыс және аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Сондай-ақ мерекелік шарада көп бала тәрбиелеп отырған аналарға ҚР Президентінің 2023 жылғы 27 қаңтардағы Жарлығымен “Алтын алқа”, “Күміс алқаны" табыс етті.
Мерекелік шараға Қазақстанның эстрада жұлдызы Жандос Қаржаубай шақырылып, әннен шашу шашса, аудан өнерпаздары да кеш қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап, гүл шоқтарын таратты.