20 Қараша, 2022 185

Ел тарихында қалатын ерекше күн

 Ел тарихында қалатын ерекше күн

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде орналасқан №31 сайлау учаскесіне сайлаушылар таңмен таласып келді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Солардың қатарында аталған жоғару оқу орнының ректоры Гүлзада Шакуликова да бар.  

«Бүгін – еліміз үшін өте маңызды күн. Бұл күн тарихта қалады. Президент болуға үміткерлердің біреуіне дауыс беруге әр қазақстандықтың азаматтық құқығы бар. Олай болса, келешектің кірпішін қалауға бірігіп атсалысайық. Сондықтан бұған үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Себебі, болашақ бүгіннен басталады. Ендеше, бейқамдықты көтермейтін істе белсенді болайық!» дейді жоғары оқу орнының басшысы.     

Учаскеде қалаған үміткерге алаңсыз дауыс беруге барлық жағдай жасалған.

«Таң атысымен №31 сайлау учаскесінің жауапты қызметкерлері мен жеті байқаушы өз жұмысына кірісіп кетті. Түскі мезгілге дейін барлық 2398 сайлаушының жартысына жуығы дауыс беріп үлгерді. Арасында осынау саяси маңызды науқанға алғаш қатысып жатқандары да, дауыс беруге өз аяқтарымен келген егде жастағы қариялар да бар. Ал, бес адам үйден дауыс беруде. Оларға сайлау учаскесінен комиссия мүшелері арнайы барады» дейді сайлау учаскесінің төрайымы Зәуре Оспанова.