«Егде жастағылар еленбей келеді»: депутат сауал жолдады

Қазақстанда халықтың қартаюы жыл сайын күшейіп келеді. Қазіргі таңда 60 жастан асқан азаматтар еліміздегі халықтың 13,9%-ын, ал 65 жастан асқандар 8,8%-ын құрайды, деп хабарлайды AtyrauPress.

2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 19%-ға дейін артуы мүмкін. Бұл демографиялық өзгерістер еліміздің әлеуметтік және медициналық жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр.
Осы мәселеге орай, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты А. Арғынбекова Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Сауалда былай делінген:
«Қарттардың денсаулығын сақтау және әлеуметтік қолдау қызметтерін дамыту - біздің қоғам үшін маңызды міндет. Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық және әлеуметтік көмекке қол жеткізу қиын, мамандар жетіспейді. Қарттарға күтімді көбіне отбасылары өздері атқарады, бұл жағдай олардың өмір сапасына және еңбек қабілетіне кері әсер етеді».
Депутаттық сауалда егде жастағы азаматтарға арналған кешенді ұлттық стратегияны әзірлеу, денсаулықты бақылау үшін цифрлық технологияларды пайдалану, сондай-ақ гериатрия және әлеуметтік қызмет мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру қажеттігі ерекше атап көрсетілген. Бұл шаралар егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтауға, олардың белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді және қоғамдағы қаржылық жүктемені азайтады деп күтілуде.
Осы сауал Қазақстандағы қартаю проблемасына кешенді, жүйелі түрде жауап беру мақсатында ұсынылды.

Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар депутаттық сауалға белгіленген мерзімде жауап беруге міндетті.