Бүгін Жылыой ауданына қарасты Жем ауылдық округі Тұрғызба ауылында Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы ашылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, орталықтың лентасын қиды.
Салтанатты шарада мұсылмандардың рухына құран бағышталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сөз сөйлеп, келушілерді орталықтың ашылуымен құттықтады.
- Қазақ жеріне Ислам діні 750 жылы келді деген тарихи дерек бар, содан бері дініміз бен дістүрімізді берік ұстанып келеміз. Қазақ елі талай сын тауқыметтен аман өтті. Осындай білімді ұрпақтың арқасында әлі де аман боламыз және соны тілейміз,- деді Н.Тағанұлы.
Екі қабатты ғимарат 30 адамға арналып салынған. Бірінші қабатта ас бөлме және әйел адамдарға арналған сынып бөлмесі болса, екінші қабатта ер адамдарға арналған 3 сынып бөлмесі және ұстазға арналған бөлме бар.