Бұрын сотталған азаматтың әрекеті көпшілікті тәнті қылды

Атырауда сотталып, жақында ғана бостандыққа шыққан 50 жасар суретші, Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық ауласын тегін безендіріп, арт нысандарды әшекейлеп жүр, деп хабарлайды ATPress.kz

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз-қызмет хабарлағандай, Владимир ұрлық жасағаны үшін 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, наурыз айында түрмеден босап шыққан. 

- Бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққаннан кейін, азамат Атырау қалалық пробация қызметіне хабарласып, тұратын жері жоғын және денсаулығына шағымы барын айтты. Пробация инспекторлары сотталған азаматты дәрігерге апарып, "Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырды, - дейді қалалық пробация қызметінің инспекторы Жарқынай Бақтиярова.




Владимир мекеме аумағында орналасқан үстелдер мен отырғыштарды, қабырғалар мен гүлзарларды бояуға қызығушылық білдірген. Орталық басшыларының келісімін алып, ол осы жерде де өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік алды.

- Маған көмектескен Атырау облысы бойынша ҚАЖД басшылығына алғысым шексіз. Басыма баспана тауып беріп, қажетті көмекті көрсетіп жатыр. Түрмеде де сурет салуымен айналыстым. Сурет салған кезде жаным рахаттанып, бір сергіп қаламын, - дейді Владимир.

Қазір ол Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің қадағалауында.