Осындай тақырыпта Атырау қаласындағы «Sultan Palace Hotel» мейрамханасында «Бөтен бала жоқ, барлық бала ортақ» атты жаңа жылдық қайырымдылық шарасы өтті.
Оны облыстық мәслихат депутаты Әсел Жолмұханова мен «Sultan Palace Hotel» компания тобының директоры Айгерім Жолмұханова ұйымдастырды. Мақсат – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау.
«Республикалық деңгейдегі бұл шара 12 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұндай шаралар тек мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де жиі өткізіліп тұрса да, артық етпейді. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңі тікелей соларға байланысты екенін естен шығармаған жөн» дейді Әсел Бауыржанқызы.
Салтанатты кешке 200-ден аса бала қатысты. Олардың әрқайсысына жаңа жылдық сыйлықтар таратылды. Кешке арнайы жұлдызды қонақтар да шақырылды. Олардың қатарында еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, «Сейшн» шоу-балетінің жұлдыздары және басқалары бар. Балалар сүйікті әншілерімен ән айтып, би биледі.
Сондай-ақ, тәлімгер-тәрбиешілерге де «Біздің депутат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің атынан алғыс хаттар берілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім жасап отырған әр қызметкер қандай марапатқа да лайық екені сөзсіз.