Бірлік ауылының бүгінгі тынысы қалай? (+ФОТО)

Атырау өңірінде халықтың берекелі бірлігі мен тату тірлігінің арқасында өркениет көшінен қалмай, дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқан ауылдар жетерлік. Солардың бірі – Бірлік ауылдық округі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мұнда төрт түлік өсіріп, төл туғызып жатқан малшы да, балық аулап, оны өңдеп отырған балықшы да, басқасы да бар...

МАЛ МЕН БАЛЫҚ – БАСТЫ КӘСІП

Ауыл тұрғындары негізінен мал және балық шаруашылығымен айналысады. Әсіресе, төрт түліктен табыс тауып отырғандар көп. Олардың қатарында кәсіпкер Бауыржан Ақбанов та бар. 

– Шаруашылығым ауылдан тоғыз шақырымдай жерде орналасқан. Осы кәсіппен 1999 жылдан бері айналысып келемін. Барлығы 200-ге тарта жылқы мен 200-ге жуық сиыр, және жүздеген қой бар. Өзім зейнетке шықсам да, кейде атқа, кейде көлікке мініп шаруашылықты қарап тұрамын. Ал, негізінен ондағы жұмысты балам және жұмысшылар жасайды. Жылына екі рет аудандағы ет өнімдерін дайындайтын мекемелерге ет өткізіп тұрамыз. Қажетті мал азығын өзіміз дайындаймыз. Оны саудаға шығармаймыз, өз мақсатымызға пайдаланамыз. Шөпті қайдан аласыз десеңіз, көктемде су келеді, сол жерге шөп шығады. Кейін ол су кері қайтқан мезгілде әлгі шөпті барып шауып аламыз, - дейді малбегі.

Сондай-ақ, ауылда балық шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Каспий теңізі мен осындағы Қиғаш өзені бойынан су маржандарын теру науқаны сәуір айынан басталып, күн салқындаған шаққа дейін жалғасады. Бұл – маусымдық, яғни, уақытша жұмыс болып табылады. Бірақ, бұл да болса үйде қол қусырып қарап отырғаннан жақсы дейді балықшылар.

– Біз тек балықты аулап қана қоймай, оны өңдеп, дайын өнімді ішкі және ТМД нарығына шығарып отырмыз. Мұнда 100 тоннаға шақталған ыдысымыз бар. Шағын цех тәулігіне 30 тоннаға дейін балық қабылдай алады. Мұнда су маржандары сұрыпталып, тоңазытқыштарға жіберіледі. Барлығы төрт мұздатқыш камерамыз бар. Әрқайсысына 10 тонна балық сыяды. Олар балықты бір тәулікте мұздатып шығарады. Сол сияқты, арнайы цехта тұздалған балық кептіріліп, дайын өнімге айналады. Болашақта арнайы балық бөлшектеу цехын салғымыз келеді. Әзірге бұл жоспар ғана. Науқан кезінде мұнда жүз адамға дейін еңбек етеді. Олар ауысыммен жұмыс жасайды. Бірқатары көршілес Жамбыл ауылынан келіп жатады. Балықшылардың жұмысы аяқталған кезде біздің де жұмыс тоқтайды. Сөйтіп демалысқа шығамыз.

Жалпы, Қиғаш өзені бойында бес балық шаруашылығы бар. Олар соңғы жылдары өнімді өздері өңдеп, тауар ретінде экспорттауға ден қойған. Мәселен, облыс бойынша жылына 5 мың тоннаға жуық балық өңделіп, экспортталса, бұл – ауланған балықтың тең жартысы. Алайда, жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі төмендеп барады. Соған байланысты балық қоры да азайып кеткені рас. Осы бағытта 2021 жылдан бері Қиғаш өзенінде түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп келеді, - дейді ол.

Ал, балық сұрыптаушы Жанаргүл Ғұбашева маусым сайын осы цехқа жұмысқа келетінін айтады.

«Біздің жұмыс – балықты сұрыптау, оны қатырып клиенттерге өткізу. Қабылдауға келетіні – сазан, көксерке, табан және ұсақ балықтар. Әйгілі Каспий балығына сұраныс қашан да жоғары. Қазірдің өзінде өңделген өнім Украина, Грузия, Әзербайжан және Ресейге экспортталып жатыр. Сонымен қатар, ішкі нарықтың қажетіне орай, Қарағанды, Алматы, Орал және Ақтөбеге жіберіледі» дейді ол.

Бірлік ауылының тағы бір ерекшелігі – бұл жерге көп адам бүлдірген теруге келеді екен. Арнайы алыстан ат терлетіп келетіндер де бар. Сонымен қатар, мұнда басқа жерде көп кездесе бермейтін су жаңғағы өседі. Ол «қызыл кітапқа» енгізілген. Демек, жұлуға тыйым салынады. Егер өткенге көз жүгіртер болсақ, бұрынғы ата-бабаларымыз аштық жылдары осы бүлдірген мен су жаңғағы секілді дала азығын қорек етіп, аман қалған деседі. Ендеше, «өткенді білмей келешек жоқ» дегендей, аракідік тарихтан да тағылым алып тұрған артық етпейді. Соның ішінде, жастардың «құлағына алтын сырға»...

ТАРИХ НЕ ДЕЙДІ?

Тарих демекші, құжаттарда округтің негізі 1922 жылы қаланғаны айтылады.

– Округе қарасты екі елдімекен бар. Бірі – Бірлік (бұрынғы Утера), екіншісі – Амангелді (баяғы Богатый). Бұрын бұл жерде көбінесе орыс ұлтының өкілдері тұрды. Кейін көршілес Астрахан облысына көшіп кетті. Олардан тек зейнет жасындағы үлкен кісілер ғана қалды. Қазір көпшілігі – қазақтар. Каспий теңізінің солтүстік батысында орналасқан, балықшылардың құт мекені атанған біздің ауылға Жаратқан ие сұлу, әсем, ғажап табиғатты аямай бере салған. Іргесіндегі мың бұралып ағып жатқан мөлдір сулы, жағасы жасыл желек, балығы тайдай тулаған, ну орманы сыңсыған Қиғаш өзенінің, өзі неге тұрады! Елімізде өте сирек кездесетін, сұлулықтың символы – тұңғиықгүл көрген жанды таң қалдырады. Әсіресе, көктем мезгіліндегі әсем сұлулық, көркем табиғат, жан жадыратар жылылық «Кел, мені тамашала!» деп жар салып тұрғандай!

Ал, осыншама табиғатқа бай өлкенің адамдары ше?! Есімін ел таныған, тау тұлғалы азаматтарымен де сұлу бұл өлке! Сонау 70-ші жылдары өмір сүрген, оқушы кезінде-ақ ғажап дауысымен атақты Ғ.Құрманғалиевті тамсандырып, ақ  батасын алған Мәди Жарбасовты бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Егер тірі болғанда қазіргі қазақ ән өнерінің ортасынан ойып тұрып, орын алар еді. Ес білгеннен еңкейген шағына дейін балықшы болып еңбек еткен,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Сатыбалды Распеков аға, кескіндемеші, график-суретші, елімізідң Суретшілер одағының мүшесі Ғалит Хабдоллаев та – осы өлкенің тумасы. Бұлардан басқа да еңбектерімен еленген мемлекеттік деңгейдегі марапат иелері ондап емес-ау, жүздеп саналады.

Бізді ойландыратыны, бүгінгі жас ұрпақ осы есімдерді біледі ме екен? Жауап қайтару қиын. Кезінде әр ауылда бір мұражай болатын. Құрығанда жауынгерлік және еңбек даңқы бөлмелері бар-ды. Бұл мәдени орындар жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде шексіз рөл атқарып еді-ау. «Өткенін білмейтін елдің болашағы бұлыңғыр» екенін ескерейік. Ертеңімізді өшірмейік, ұлыларымызды ұлықтайық! Болашағымыз жарқын да, кемел болсын десек – жас ұрпақ  тәрбиесін шындап қолға алайық. Әрбір ауыл орталығында «Тұлғалар галереясын» жасақтасақ қандай ғанибет! – дейді ауыл ақсақалы Нариманбек Шолтырұлы.  

ТҰЛҒАЛАР ТУҒАН МЕКЕН

Айтпақшы, бұл жерден бір емес, бірнеше академик шыққан. Олар – Социалистік Еңбек Ері, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының академигі Қасым Асанов, академик, экономика ғылымының докторы, профессор Қаби Оқаев, география ғылымдарының докторы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР География институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Нариман Әмірғалиев және Тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы дипломаттарының бірі Қайрат Исағалиев.

– Қайрат Исағалиев – әлемнің 54 елінде түрлі дипломатиялық қызметте болған, арнайы «Нәзір Төреқұлов» медалінің иегері, - дейді тарихшы Н.Шолтырұлы. – Бейтаныс дейтінім – ол кісі туралы өте аз білетінім. Мұны толықтыру үшін не істеуім керек? Ізденуім қажет! Туған жер жайлы, оның өткен-кеткені, тарихи тұлғалары, көрнекті қайраткерлері, ақын-жазушылары, өнер адамдары туралы жазылған мәліметтерді жинастырып, сақтап жүретін бала күннен әдетім бар еді. Содан өзімнің шағын мұрағатымды ақтардым. Бірде қолыма журналист-жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Дипломат» атты мақаласы тиіп, онда мынадай деректерге кезіктім...

Қайрат 1956 жылы Сафон селосындағы орта мектепті үлгілі аяқтайды. Бірақ, «білім алсам, оқуымды жалғастырсам» деген зерделі жастың қолын жоқшылық байлайды. Алдында  ғана әкесі қайтыс болған. Анасы Утера (Бірлік) селосындағы наубайханада от жағушы болып жұмыс істейді. Жұмыс өте ауыр. Қамысты ауылдан 4-5 шақырым жердегі теңіз өресінен өзі шабады, дайындайды, жаяулап тасиды. Пештің отын өзі жағады, күлін шығарады. Сондағы алатын айлығы – 5 сом. Тігерге тұяқтан – қорадағы жалғыз ақ сиыр. Анасы ағайындармен ақылдасып көрсе, олар: «Балаңды  балықшылар қатарына бер, кәсіпке аралассын, тіршілік қамын ойласын» дейді. Күлмай ана болса, оның қатарынан қалмай, оқу оқығанын қалап, сол ойға түйін түйеді. Содан бір күні анасы баласын  шақырып алып: «Балам, мен советтегі Қазбек хатшыдан (біздіңше Қазден болуы мүмкін) 400 сом қарызға ақша сұрап алдым. Ертең күзде мал семірген кезде қайтарып беруіме келісті. Марқұм әкеңмен жақсы жолдас болып еді. Таныстығын көрсетті. Ал, жинал Гурьевке, мүмкін Алматыға да барарсың» дегені. Сөйтіп, отбасының тұрмыс жағдайы қинаса да, үкілі үміт жетегіне ерген бозбала құжаттарын тез жинастырып, Гурьевке жүріп кетеді. Мақсат – медициналық оқу орнына түсіп, оташы болу. Өйткені, ауылда әжесі, әкесі, ағаларының дүние салуын осы дәрігер мамандарының жетіспеушілігінен деп ойлайтын. Өкінішке орай, қалаған медицина институтынан қабылдау комиссиясы келмей қалған екен. 

Одан әрі Қайрат шет тілін меңгерсем де «тақияма тар келмес» деген шешімге бел буып, француз тілі бөліміне құжат тапсырып, сынақтан ойдағыдай өтіп, Алматы шет тілдері институтының студенті болып шыға келеді. 1961 жылдың жазында  араға бес жыл салып Алатау баурайына арман қуып кеткен бозбала өзінің туған өлкесі – Атырауға жоғары білімді француз тілінің маманы болып оралды. Алғашқы еңбек жолын Құлсарыдағы Қамыскөл мектеп-интернатында бастады. Сол кездегі білікті мектеп басшысы С.Қарабалин жас, іскер, алғыр ұстазға зор құрметпен қарайды. Алғашқы жылдары мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан Қайрат кейін аудандық деңгейдегі шараларда көзге түсе бастайды.

Бірде мұғалімдердің аудандық тамыз мәслихатында сөз алған ол сол кездегі аудандық партия комитетінің І хатшысы  С.Мұқашовтың назарын өзіне аударады. Көп кешікпей көреген басшы Қ.Исағалиұлын аудандық комсомол комитетінің хатшылығына шақырады. Жігерлі жас бұл жұмыста да ерекше белсенділік, зор ұйымдастырушылық танытады. Ол Бүкілодақтық жастар сыйлығына ие болады. БЛКЖО -ның ХХ съезіне делегат болып қатысады. Осы оқиғалар Қайраттың өмірін мүлде басқа арнаға бұрады. Көп кешікпей ол КСРО Қорғаныс министрлігі саласына қызметке ауысады. 1969 жылы Алжир ХДР-да әскери қызмет аудармашысы болып жұмыс жасайды. 

Араға үш жыл салып, өз Отанына оралып, Қазақтың шет елдермен достық және мәдени байланыстар қоғамында, одан әрі бес жылдай Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде нұсқаушы, «Интурист» АҚҚ-ның Алматы бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқарады. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізуге мұрындық болды. Түркіменстан мен Моңғолияда елшілік қызметте жүрген кездерінде отандастарымыздың елге оралуына көп көмегін тигізді. Күлтегін ескерткіштерін Қазақстанға әкелу, Бейбарыс сұлтанды  елге танытуда да айтарлықтай еңбек етті. Жалпы Қ.Исағалиұлы – Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан ірі тұлға, бұл саладағы алғашқы көшбасшы. Сонау бала кездегі «оташы болсам» деген арманы оны ойда жоқта француз тілінің маманы деген деңгейге жеткізсе, ал, бұл сала  сан қатпарлы дипломатиялық қызметке жетеледі және оның биік шыңына көтерді.

ТҮЙІН

...Міне, кәсібі мен нәсібі келіскен, тарихы мен тағылымы толысқан Бірлік ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі – осындай. Тұрғындар тақтайдай тегіс жол мен инфрақұрылым игілігін көріп отыр. Есесіне, жергілікті халық ел ертеңі үшін алаңсыз еңбек етіп, ауыл экономикасын айшықтауға өз үлестерін қосып жатыр. Бұл мақсатта қажетті жағдайдың бәрі жасалып отыр десе де болады. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ