Әнші-композитор Сейіл Аяған 52 жасқа қараған шағында қайтыс болғанын ақын Жанат Жаңқашұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.
"...Берісі Қарағанды, әрісі алаш жұрты ақ жүрек азаматынан, айтулы әншісінен айрылды. Өткенде Ерлан ағаның кешінде соңғы кездескен екенбіз. Жылы ғана жымиып, қоштасып едік. Өмір осы. Жаныңыз жәннатта болсын, Сейіл аға! Алла панасына алсын! Періштелер өзіңіздей жылы жымиып, жұмақ төрінен орын ұсынсын! Бір ұлы жүрек мәңгіге дамылдады.
Былтыр Сейіл ағамыз елуге келгенде жазған мақалам еді.
Нотадағы үнсіздік.
Қазақта әнші көп қой. Бірақ жүрегі бар әншілер аз. Сол аздың бірі һәм бірегейі Сейіл Аяғанов ағам. Сейіл ағамның әні тек саған ғана арналғандай, тек сен еститін толқында айтылып жатқандай әсер етеді. Мейлі, қасыңда жүздеген адам отырса да. Кейде маңайыңа “мына дауыс мыналарға да естіліп тұр ма, бұлар да ән тыңдап отыр ма?” деп таңдана қарайтының бар. Бұл, Сейіл ағаның кереметі! Тұтас халықтың әрқайсына жеке әсер ету, әр қайсымен жеке сырласу жүрегі бар әншінің ғана қолынан келеді.
Сейіл ағам Қарағандыны тоқсаныншы жылдары орыстың рухани бодауынан босатқан, маңайына рух шырақшыларын жинаған санаулы адамдардың бірі. Бір өкініштісі “қолында закон кілті бар” (Абай) кей ағаларымыз өз-өзін қызықтаудан әрі аспады. Соңындағы жағымпаздардың мақтауына елітіп, қызара бөртіп, Қарағанды руханиятына титтей де үлес қоса алмады. Керісінше, өмірі бір қызметтің құлағын ұстап көрмеген Сейіл ағалар алғаусыз еңбек етті. Бұл кісілердің Қарағандыда қасқайып жүргенінің өзін арқа тұтасың.
Сейіл ағамыздың өнер жолында жүргеніне ширек ғасыр өтті. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан соң ән жолында жүрген, оның ішінде той жағалап жүрген әншілердің қалтасы қампайып, бүйірі тез шықты. Бірақ Сейіл ағам сол бұрынғысынша қоңыр тірлік кешті. Баспананың өзіне қолы бертінде жеткенін өз аузынан естіп, қайран қалдым. Осы уақытқа дейін дүниені дүние екен деп қарамаған ғой. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдары Қарағандыда пәтерді су тегінге сатты ғой орысекеңдер. Пәтерді былай қойғанда тұтас мектеп ғимараттары жүз мың теңгеге сатылып кеткен кездер болған…
Баяғыда Біржан сал ел аралап, үйіне келсе үй-ішінің жағдайы төмендеп қалыпты. Төмендегенде сол талқанды талғажау етіп отыр дейді. Ел аралап, той-тойлап, қазы-қарта, жал-жая жеген Біржан талқан жей ме? “Ее, көрген күндерің күн емес екен ғой” деп, атына мініп, тағы да сауық-сайран құрып кете барды дейді. Барған жері Біржанға ат міңгізбей қайтармайтыны анық. Соның бәрі қайда? Үйіне тасып, тышқаншыламаған, оң қолы алғанды сол қолы таратқан. Сұңқарша шашып жеген. Сейіл ағам да сол. Өнердің үстіне шығып, өңешін ойлаған жоқ. Әйтсе де, Абайдың Оспаны, Біржан салдың Нұржаны болды. Бүгінгі қазақ өнерпазының етжақыны көп болғанымен жанжақыны жоқ.
Жоғарыда Сейіл Аяғанның кереметі жайлы айттық қой. Сол ойымызды тағы да тұздықтай кетейік. “Музыканың ғажабы — нотаның тізбегінде емес, сол ноталар арасындағы үнсіздікте” депті Моцарт. Осыған орай қазақтың ғажап күйшісі Жанғали Жүзбаев ағамыздың әңгімесі еске түседі. “Асқар Сүлейменовтың алдына бардым. Бір күйтабағым шыққан. Өзімді қалыптасқан күйші санаймын. Күйші екенімді білген соң күй сұрады. Сүгірдің “Бес жорғасын” тарттым. Асекең біраз үнсіз отырды да, “Мына балада мін жоқ” деді. Тағы біраз кідіріп, “домбырасында да мін жоқ” деді. “Бірақ бес жорға жорғаламайды. Хиросима мен Нагасакиға түскен атом бомбасы біздің консерваторияның үстіне түсу керек еді” деді түңіліп. Мақтау күтіп отырған адамға Хиросима бомбасын түсіргендей болды. Кейін елге келіп, шалдардың қағысын қарап, ол кісінің неге олай дегенін түсіндім” деп еді Жанғали аға. Бұл ғибратты әңгімеде де сол музыканың тақ-тұқ нотаға түсу емес, арасындағы кідіріс, үнсіздік екенін айтып тұрған жоқ па? Сейіл ағамның әнінің жүрекке жетуінің сыры осында болса керек. Әйтпесе, нотаға түскен дүниені азғантай таланты бар адамның бәрі ән қылып жүр. Соның бәрі Сейіл Аяған емес қой!
Сейіл ағам ет пен теріге қаптап қойған — үлкен Жүрек! Біздің естіп жүргеніміз сол Жүректің үні! Қашан көрсең жылы жымиып қана жүретін ізгі Жүрек!" делінген жазбада.