"Барысты шығарып салып, Қоянды қарсы аламыз"

«AtyrauPress» сайты Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірге және елге белгілі азаматтармен жүргізген сауалнаманы одан әрі жалғастырады.

Арнайы айдарымыздың бұл жолғы кейіпкері – белгілі белсенді, «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрайымы Салтанат Рахимова.

1.Жаңа жылды қайда және қалай қарсы аласыз?

– Жаңа жылды әркез үйде, отбасымызбен, жақын туыстарымызбен қарсы аламыз. Биыл да келе жатқан Қоян жылының құрметіне дастархан жаямыз.

2.Үй ішін қалай безендіресіз? Шырша аласыз ба?

– Жаңа жыл жақындағанда үй ішіне шырша құру әдетке айналған. Биыл да шырша сатып әкеліп, үй ішін безендіріп қойдық. Мен үшін жаңа жылдық шырша мен гирлянда – бала кезімнің ең ыстық естелігі болып табылады. Әлі де есімде, бала кезімізде атамыз жыл сайын желтоқсан айы басталған кезде үй қабырғаларын гирляндамен безендіруді бастап кететін. Шіркін, сол кездің сәулелі сәттері мен шуақты шақтарын ұмыта қою мүмкін бе?! Сондықтан, қазір өз балаларымызға да сондай ұмытылмас әсер мен  көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келеді.  

3.Жаңа жыл қазақ халқына тән мереке емес деп жатады. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине, қазақ халқы ертеден желтоқсан мен қаңтардың тоғысында жаңа жылды тойламағаны бесенеден белгілі. Бірақ, жалпы, адамзат атаулының жылма-жыл тойлайтын мерекелері, ерекше күндері көп емес қой. Меніңше, мерекелік қуанышты сәттер ешқашан артық етпейді деп есептеймін. Ендеше, бұған діни тұрғыдан емес, тек қана Барыс жылын шығарып салып, Қоян жылын қарсылап алу деп қараған дұрыс. Ал, қазақы жыл санауға келсек, бұл – бұрыннан бар нәрсе. 

Келе жатқан Қоян жылы халқымызға жайлы жыл болсын! Береке-бірлігімен, тату тірлігімен келсін. Әрқайсымыздың аңсаған армандарымыз орындалсын деген тілек білдіремін.