Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Астанада қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Кезекте тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол, қатысушыларға бастапқы жарнасыз қолданыстағы үйді (2-ші нарықтағы үй) сатып алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай шарт Қазақстанның ешбір өңірінде жоқ», - деп атап өтті өңір басшысы.
Бұл бағдарлама бойынша несиенің жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз, ал несие өтеу мерзімі – 20 жылға дейін белгіленген. Бағдарлама аясында Атырау қаласында 18 млн теңгеге дейін және аудандарда 13 млн теңгеге дейін қарыз беру қарастырылған.
Осы мақсатқа бүгінгі таңда 1,6 млрд теңге бөлінді. Ал бағдарламаның өзі шілде айында іске қосылады.
Бастапқыда осы бағдарламаның аясында жоғарыда атаған санаттағы 90-ға жуық отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар.
Сондай-ақ дәрігерлер үшін «Отбасы банкі» АҚ-ы арқылы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Яғни 5%-бен әрі бастапқы жарнасыз баспана алу мүмкіндігі туады. Дәрігерлерге арналған мұндай ипотекалық жеңілдік Атырауда ғана жасалып отыр.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА