Бұл туралы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автокөлік жолдары бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласы бойынша бүгінгі күнде 21 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Мемлекеттік бағдарламаларға «Атырау жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі азаматтарды несиелік пәтермен қамтамасыз ету мақсатында жасақталған. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы - Атырау» атты бағдарлама іске қосылып жатыр. Қазірде бұл бағдарламаға кезекте тұрған көпбалалы отбасы, мүгедек баланы асыраушы отбасылар және толық емес отбасылар қатысады. Қосымша тағы екі санатты қосып жатыр. Олар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, 1-2 топ мүгедектері жұмыс жасайтын төлем қабілеттілігі бар азаматтар кезекте тұрған кезектесінің кезектерін пайдалана отырып, Отбасы банк арқылы жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, сол бағдарламаны іске асыруда. 2022 жылы «Бақытты отбасы - Атырау» атты бағдарламасына тапсырған 360-қа жуық азаматтың өтініштері қаралуда. 69 адамның тізімі банкке жолданды. Төлем қабілеттілік анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Айта кетерлік жайт, жыл сайын тұрғын-үй кезегіне тіркелген адамдардың түгендеу жұмыстары өткізіледі. Кезекте тұрған, атына үй тіркелген, басқа жаққа көшіп кеткен немесе бюджеттік қызметкер ретінде тұрғын үй кезегіне тіркеліп, қазіргі уақытта бюджеттік мекемеде қызмет атқармайтын адамдарды, кезекте тұрғандарды кезектен түсіру түгендеу жұмыстары жүргізілуде», деп айтты Рафхат Жолдиев.
"Отбасы банк" АҚ Атырау облыстық филиалы директоры Нұржан Мұғалімовтың айтуынша, тамыздың басында әкімшілікпен бірге келісімге отырды. Бүгінгі таңда 1 млрд 600 млн теңге ақша бөлінген. «Бақытты отбасы - Атырау» бағдарламасына қатысу талаптарының бірі - Қазақстан азаматы болу керек, екіншіден бұрын толық емес, көпбалалы, мүгедек балаларды асыраушы отбасылар қатысатын болса, соңында екі санатты отбасылар қосылды. Басқа жергілікті бағдарламаларға қарағанда айырмашылық осында.
Аталмыш бағдарлама Қазақстан бойынша бірінші өңірлік бағдарлама болып табылады. Талаптарды айта кетсек, азаматтар қала бойынша кредиттік сумма 18 млн теңгеге дейін үйді ала алады. Ал аудандар бойынша 13 млн теңгеге дейін алуға мүмкіндік бар. Бірақ үйдің құны 18 млн теңгеден асып кетсе, үйді ала алмау барьері жоқ деп айтуға болады.
Қасиет Бахкерейқызы