Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан басшысы Абат Сайфоллаұлының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес ауыл тұрғындарын есепті мерзім бойынша ауданда жүргізілген жұмыстармен таныстыру мақсатындағы есеп беру кездесуі Бөкейхан, Кудряшов ауылдық округтерінде жалғасты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кездесуде аудан басшысы осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын нығайту мақсатында атқарылған ауқымды жұмыстарды саралады.
«Бөкейхан ауылдық округінде 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, Қиғаш бойын қамту үшін өрт сөндіру бөлімшесін ашу мәселесі бойынша ауданнның кешенді даму жоспарына енгізіліп, 2024 жылы құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұдан басқа, қордаланған мәселенің бірі – ауылішілік су желісі құрылысын аяқтау бойынша, осы жылдың 14 қарашасы күні жобаға түзетулер енгізіліп, құжаттары толықтай аяқталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталып, ауыл тұрғындарының негізгі проблемасы ауыз су мәселесі шешімін табуда» деген аудан басшысы кезекті ауыл тұрғындарының сауалына берді.
Жергілікті тұрғындар түп тереңдету жұмыстарына қатысты, атап айтқанда шаруагерлер қазылған арналардан мал өткелін салса деген ұсыныстарын білдірді.
Осы ауылдан сайланған депутат Нұргүл Дүйсенбайқызы құрылысы жүріп жатқан мәдениет ошағына қатысты жұмыстардың тиімділігі турасында сауалын жолдады. Бұдан бөлек депутат қорымдарды қоршау жұмыстарына байланысты да ұсынысын айтты.
Көтерілген мәселелерге байланысты аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, ауыл әкімі Жүсіп Төреғалиев тиісті жауаптарын берді.
Кестеге сай, келесі кезекте есептік кездесу Кудряшов ауылдық округінде жалғасын тапты.
Аталмыш округте тұрғындар газ төлемі бойынша наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша ай сайынғы төленетін ақыда өзгерістер көбейіп кеткен. Сонымен қатар, ауыл белсенділері ауылішілік жол, ауыз су, балаларға үйірме, спорттық секциялар ұйымдастыру, ауыл тазалығы, мектеп айналасын өскен шөптен тазарту сынды келелі мәселелерді қоғады.
Барлық қозғалған сауалдарға қатысты аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы түсінік беріп, ауыл бойынша атқарылар жұмыстармен таныстырды.
«Кудряшов ауылдық округі бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында көшелерді жарықтандыру, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, ауылға 100 орындық мәдениет үйі және спорт кешенінің құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Кудряшов ауылдық округіне қарасты 12 шақырым ауылішілік тас жол салуға жобалық сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Құрманғазы ауданы, Котяев және Кудряшов ауылдарындағы су тазарту имараттары мен су құбырларын жаңарту жобасы бойынша 2023 жылдың 14 қарашасы күні жобаға түзетулер енгізіліп, құжаттары толықтай аяқталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталып, ауыл тұрғындарының негізгі проблемасы ауыз су мәселесі шешімін табуда» деді аудан басшысы.
Анықтама үшін: Кудряшов, Бөкейхан ауылдық округ тұрғындарынан газ төлемі бойынша наразылықтарына байланысты РЦКУ Атырау директоры Бектаубаев Аполлон шақыртылып, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізген болатын. Орын алған жағдай, РЦКУ мекемесінің газ есептегіш құралын бақылаушы (контролер) тұтынылған газ көрсеткішін кем көрсетіп келген. РЦКУ есептегіш мәселелері бойынша мониторинг әлежүргізу барысында сәйкессіздік анықтаған. Соған байланысты, тұтынылған газдың ақшасы көбейіп кеткен. Қазіргі уақытта, РЦКУ мекемесінің газ есептегіш құралын бақылаушыға шара алынған. Көп мөлшерде көрсетілген қаржыны тұрғындар бөліп төлеуге келісімге келді.