Бөдене тұрғындарын не толғандырады?

Индер ауданы Бөдене ауылдық округінің тұрғындарын жол жөндеу, балаларға арналған ойын алаңын салу, абаттандыру және ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер толғандырады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Индер ауданының әкімі Серік Нсанбаев Бөдене ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, бұған дейін көтерілген ұсыныстар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысы туралы баяндады. Аудан әкімдігінен білгеніміздей, кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол жөндеу, балаларға арналған ойын алаңын салу, абаттандыру және ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтар көтерілді. Аудан әкімі Серік Бағытжанұлы әрбір мәселе бойынша жеке тоқталып, оның шешу жолдарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесуден кейін аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдап, қойылған сұрақтарға заң аясында жауап берді.

Осыдан кейін аудан әкімі Серік Нсанбаев Бөдене ауылдық округіндегі бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жағдайымен танысты. Атап айтқанда, денешынықтыру және спорт кешеніне бөлінген жер телімін, А.Далабаев көшесіндегі «Жастар» саябағын, «Жеңіс» көшесіндегі ескі балалар ойын алаңының жай-күйін көріп шықты. Сонымен қатар, апатты үйлердің орнына салынып жатқан 16 тұрғын үйдің құрылыс барысы мен жер телімдері қаралды. Сапар барысында су тазарту қондырғысының жұмысы мен Жайық өзені жағасындағы құлау қаупі бар учаскелер де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ