Ауған соғысы тарих парақтарында алтын әріппен жазылып, боздақтардың ерліктерін өшірмесі анық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Зұлмат соғысқа аттанған жас сарбаздар бүгінде ардақты ардагерлер. Есімдері ерекше сипатқа ие ардагерлерді құрметтеу - бүгінгі ұрпақтың парызы. Осы мақсатта Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай 14 ақпан күні Атырау облысы полиция департаментінде Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу мақсатында Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге Ауған соғысы және ІІО ардагері отставкадағы полиция подполковнигі Жұмабаев Ұзақбай Дүйсенүлы, Ауған және ІІО ардагері, Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы полиция майоры Шәкіров Толыбай Шәкірұлы қонақ ретінде келіп, тақырып аясында тағылымды әңгімелерімен бөлісіп, болашақ жастардың тәлім-тәрбиесі жайлы ой өрбітті. Шара барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Кенжебайұлы Оразбаев Ауған соғысы және ІІО-ның ардагерлерін Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері төсбелгісімен, Чукеев Мұхамбет Есалыұлының медалімен және департамент бастығының алғыс хатымен марапаттады.
- Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Өздерінің денсаулығы мен өмірлерін қиып, әскери борышын орындаған жауынгерлерімізге мәңгілік тағзым етеміз. Еліміздің бүгінгі заманда жеткен жетістіктерінде ішкі істер органдары ардагерлерінің өлшеусіз ерен енбектері мен ұлағатты істері ұрпақ жадында мәңгі сақталады,-деді департамент бастығы полиция полковнигі Нұрхат Кенжебайұлы Оразбаев.