Ауған соғысының ардагерлері оқушылармен ерлік сабағын өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
13 ақпан күні Жапақ Қаражігітов атындағы №16 Атырау мектеп-лицейінде оқушылар Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Шара Ауғанстаннан әскер шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Кездесуге ардагерлер мен №41321 әскери бөлімінің өкілдері қатысты.
Мектептің акт залында ардагерлер Ауғанстандағы қызмет жылдары туралы өз естеліктерімен бөлісті, жерлестеріміздің өз міндеттерін қалай батыл орындағаны, әскери ант пен борышқа қалай адал болғандығы, соғыс жылдарында бірнеше рет көмектескен Ерлер достығы туралы айтып, балаларға, болашақ Отан қорғаушыларға лайықты ел азаматы болуға шақырды.
Өз кезегінде кіші сынып оқушылары ардагерлерге Ауғанстандағы соғыс туралы әндер мен өлеңдер дайындады, ал жоғары сынып оқушылары Калашниковтың оқу автоматын бөлшектеу және құрастыру дағдыларын көрсетті.
«15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толады. Жыл сайын осы күні біз Ауған соғысына қатысушыларды қазіргі ұрпақ ауған трагедиясын ұмытпауы үшін еске аламыз. Біз өз әскери борышын адал атқарып, ұлы мақсат — жердегі бейбітшілік үшін өз өмірін қатерге тіккендерді есте ұстауымыз керек» деген ойымен бөлісті Ауған соғысының ардагері Сергей Павлов.
№41321 әскери бөлім басшылығынан алғыс хаттар тапсырылғаннан кейін ардагерлер мен тәрбиеленушілердің бейресми сұхбаты өтті.
«Бұл ардагерлерді еске алу күні ретінде есте қалады, ал, олардың табандылығы, батылдығы және жанқиярлығы - өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі» деп толықтырды мектеп директоры Ақмарал Ермекова.
Айта кету керек, Ауған ардагерлерінің көпшілігі тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін қалыптастыруға, одан әрі армияның қорғаныс қабілеті мен жауынгерлік дайындығын нығайтуға үлкен үлес қосты.