Атыраулық желтоқсаншы оқиғаның әлі толық зерттелмегенін айтты

Қазақ елінің шежірелі тарихында Желтоқсан оқиғасының алар орны ерекше.

Алаңға шыққан қазақтың асқақ рухты жастары озбырлық саясатқа қарсылығын бейбіт шеру арқылы танытуды көздеген еді. Бірақ, арандатушылар оқиғаны басқаша өрбітіп жіберді. Желтоқсан оқиғасы жайлы кейбір деректер ашық айтылмай келеді. Тіпті Желтоқсан оқиғасы әлі толық зерттелген жоқ. Сол кезде алаңда болған атыраулық ақын, «Сарайшық» журналының әдеби редакторы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрым Ерғалиев Желтоқсан оқиғасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Сіз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы әрі куәгері болдыңыз. Бұл оқиғаның қалай өрбігені есіңізде ме?

– Әр адамның өмірінде ұмытылмайтын балалық, жастық шақ секілді кезеңдер болады ғой. Ал, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы сол кезде Алматыда болған жастардың жадында өшпестей із қалдырды. Мен сол жылы КазГУ-дің журналистика факультетінің 5-курс студенті едім. Біздің курстағы студенттердің дені пәтер жалдап тұратын. Мен жалдаған үй «Қазақфильм» студиясы жақта орналасқан. Сабаққа түсқайта барамыз. Әдеттегідей 17 желтоқсан күні де сабаққа келдім. Бірақ, факультеттен курстасым Үрлай Рысбаевадан өзге ешкімді көрмедім. Екеуміз бір-бірімізден жөн сұрастық. «Студенттердің бәрі алаңға кетіпті. Сен бұл туралы естіген жоқсың ба?» деді ол.

Шындығында, студенттердің алаңға неге кеткенінен, онда не болып жатқанынан хабарсыз едім. Сөйтіп, екеуміз сұрастырып білгеніміздей, 16 желтоқсанда ұзақтығы 10 минутқа жетпейтін пленум өтіп, онда бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев жұмысынан босатыпты. Оның орнына бұрын елімізде жұмыс істемеген, жергілікті халықтың тарихынан, мәдениетінен мүлдем бейхабар адам тағайындалыпты. Ол – Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин.

Бұл әсіресе, қазақ жастарына әсер етіп, келіспеушілік туғызған. Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орнының, оның ішінде КазГУ-дің бірнеше факультетінің студенттері, әсіресе болашақ заңгерлер мен журналистер қарсылық акциясына белсенділік танытқанын естідік. Біз де алаңға жеттік. Алаңда жастар көп. Орталық алаңдағы жастардың қолында «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Әр ұлтты өз көсемі басқарсын!» деген плакат бар. Олар Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдыаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұр. Сол кезде бейбіт шеруде тұрған жастарды милиция қызметкерлері қоршай бастады.

Жастар алаңға әр тұстан лек-легімен келіп жатты. Әлі есімде кешке таман Жансая Сәбитова деген келіншек сөйледі. «Мен алаңға қызыммен келіп едім. Қазір қызымның қайда екенін білмеймін. Адасып қалдым. Бірақ, айтайын дегенім, қазақ халқы бұған дейін талай зобалаңды да, аштықты да, қуғын-сүргінді де көрді. Мұның бәрі – қазақтың рухын сындырып, бас көтертпеу үшін орталықтан жасалған империалистік пиғылдың көрінісі. Неге десеңіз, 52 жыл бұрын алаштың үркердей тобын Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай секілді ұлтжанды зиялы қауым өкілдерін қасақана халық жауына айналдырды. Ұлт зиялыларын соттады, атып жіберді. Енді міне, сондай жымысқы әрекетпен ел басқаратын адамды басқа жақтан әкеліп отыр. Сонда қазақтың арасынан ел басқаратын саяси сауатты, білімді адам жоқ па?» дегені есімде қалды.

Ал қараңғы түскен мезгілде алаңда өзгеше дүрбелең басталды. Бұл кезде Алматыда жұмыс істейтін қазақ жастары келіп жатты. Жұмысшы жастар студенттерге рух бергендей болды. Өйткені, олар кезінде оқуға түсе алмаған, содан соң құрылыс мекемелерінде ауыр жұмыстарды атқаруға мәжбүр болған. Пәтерлері де жоқ. Өзге ұлттың қуықтай бөлмесін, тіпті тауық қора секілді үйшіктерін жалдап тұрады. Бұл әрине, қазақ жастарының ызасын келтіріп, намысына тиетін жайт ғой.

Алаңды қалқан мен дубинкамен қаруланған арнаулы мақсаттағы отряд тобы қоршады. Олар алаңдағы жастарын тарату үшін кері ығыстырады. Жастар алға ұмтылады. Қаруланған отряд жастарды ұрып-соғуды бастады. Қараңғы түскен кезде өрт сөндіруші машиналар колоннасы келіп, жастарға салқын су шашты. Мның бәрі жастарды ашу-ызаға әбден булықтырды. Бұл – жастарды арандату үшін әдейі жасалған әрекет.

– Кейін алаңға барғаныңыз үшін жазаланған жоқсыз ба?

– Біз алаңға 17 желтоқсанда бардық ғой. Кешкісін жалдап тұратын үйге жету мүмкін болмады. Түн ортасында жатақханаға жаяулатып әрең жеттік. Ал, келесі күні – 18 желтоқсанда бізді жатақханадан шығармады. Факультеттің оқытушылары кезекшілік атқарып, студенттердің жатақханадан шығып кетуіне жол бермеді. Бірнеше күннен кейін тергеу басталды. Менен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері жатақхананың жертөлесінде тергеді. Неге жертөледе тергеу жүргізгенін әлі күнге түсінбеймін. Тергеушілер көзіме жарық шағылыстыратын шамның сәулесін түсіріп, жауап алды. Олар «Алаңнан кімді көрдің? Сен ән айтады екенсің? Алаңға неге бардың?» дегенді сұрақтарды қойып, орысша сөйледі. Мен орысша түсінбейтінімді, қазақша жауап беретінімді айттым.

Қағазға жазып берген жауабыма қанағаттанбай, қайта-қайта жыртып тастады. Кейін ректоратқа шақырып, тағы жауап алды. Тергеуге қайта-қайта шақырады. Сөйтіп, 1987 жылдың жазына дейін, диплом алғанша тергеруге барып жүрдік. Сол кезде факультеттің оқытушылары «Бастапқыда берген жауаптан таймаңдар» деп жанашырлық танытты. Ұстаздарымыздың сондай жанашырлығы болар, әйтеуір, құдай сақтап, біздің 5-курстың студенттері қатаң жазадан аман қалдық.

– Бұл оқиғаны ел тәуелсіздігін алуға жолашар ретіндегі алғашқы қадам деуге бола ма?

– Қазақ халқының көрмегені жоқ ғой. Қолдан жасалған аштық, қуғын-сүргін, бодандықтың қамыты секілді зобалаңдар халқымыздың жанын жаралап, арқасына аяздай батқанымен, қолдан келер дәрмен болмады. Бірақ, ұлттың асқақ рухы сынбады. Қазақтың рухы буырқанып, оңтайлы сәтін күтіп жатқандай көрінетін. Жастардың Желтоқсандағы бейбіт шеруі бодандықтың бұғауын бырт-бырт үзді. Бұл қазақ еліне ғана емес, одақтың құрамындағы Орта Азия және Балтық жағалауындағы мемлекеттерге қатты әсер етті.

Сол кездегі жастардың Желтоқсандағы шеруін тәуелсіздікке ұмтылыстың ұшқыны, тіпті алғашқы қадамы деуге әбден болады. Жастар алаңға «Менің Қазақстаным» әні шырқап келді. Алаңда осы әнді әлсін-әлсін шырқап тұрды. Бұл ән сол кездің өзінде елдің бейресми гимні іспетті еді. Кейін дәл осы ән мемлекеттік гимнге айналды.

– Желтоқсан оқиғасына қатысқаныңыз жұмысыңызға әсер еткен жоқ па?

– Біз КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, жұмысымды Балықшы аудандық газетінен бастадым. Кейін Құрманғазы аудандық газетінде, одан соң облыстық баспасөзде жұмыс істедім. Екі аудандық газеттің бас редакторы болдым. Желтоқсан оқиғасына қатысқаным жұмысыма әсер ете қойған жоқ. Өйткені, мені комсомолдан, жоғары оқу орнынан шығарған жоқ еді.

Бірақ, Желтоқсан оқиғасы «Еліміз тәуелсіздігін тезірек алса екен» деген үмітті оятты. Сол үмітті газетке жариялай алмасақ та, жүрек түкпірінде сақтап жүрдік.

– Сол кезден бері Желтоқсан оқиғасы туралы айтылмай жүрген дерек бар ма?

– Желтоқсан оқиғасына қанша қатысқаны, жастарға қарсы жасалған зұлымдық әрекетке кім бұйрық бергені әлі ашық айтылмай келеді. Алаңға барғаны үшін сотталғандар туралы мәлімет бар. Бірақ қанша адамның құрбан болғаны жөнінде нақты дерек айтылмады.

Осы кезге дейін Желтоқсан оқиғасы толық зерттелген жоқ. Бұл оқиға тарихи зерттеуге сұранып-ақ тұр. Оған қатысушылардың мәртебесі де нақтыланбай келеді. Оларға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмаған. Мемлекет тарапынан Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге мүдделік танытылуы тиіс.

Ал, Алматыдағы желтоқсаншыларға арналған ескерткіш елеусіздеу жерде тұр. Сол ескерткішті көрген адам ауыр мұңға батады. Өйткені, ескерткіште қарулы топтың аяғының астында қоғадай жапырылып, жығылып жатқан жастар бейнеленген. Неге бұлай? Бұл ескерткіш бас көтерген адамдардың осылай тапталатыны туралы астамшылықты әйгілеп тұрғандай әсер береді. Жалпы, Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш қазақ жастарының асқақ рухын әйгілеп тұруы тиіс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.