Атыраулықтар әкімдікке онлайн түрде көбірек жүгінеді

Атырау тұрғындары әкімдікке онлайн формат арқылы жиірек жүгінеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырауда цифрлық байланыс арналары арқылы келіп түсетін өтініштер саны артып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шакир Кейкин хабарлағандай, өткен жылы Бірыңғай байланыс орталығына тұрғындардан 224 мың өтініш түскен. Бұдан бөлек, атыраулықтар облыс әкімдігінің Telegram-чатына 8 мыңнан астам хабарлама жолдаған.

Оның айтуынша, онлайн-платформалар билік пен халық арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі тәсілдерінің біріне айналып отыр.

Чат арқылы тұрғындар жолдардың жағдайы, жарықтандыру, коммуналдық қызметтер және абаттандыру мәселелері туралы хабарлайды. Барлық өтініштер тіркеліп, қарау үшін тиісті салалық қызметтерге жолданады.

Сонымен қатар офлайн форматтағы жұмыс та сақталған: бір жыл ішінде қалалық әкімдік бөлімдерінің басшылары 695 азаматты қабылдаса, қала әкімі шағынаудандар мен ауылдық округтерде 18 кездесу өткізген.