Атыраулық студенттерге «Жаңа өмір» жобасы таныстырылды

Х.Досмұхамедов университетінің студенттеріне құмар ойынның зардабы түсіндірілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде лудомания дертіне шалдыққан қазақстандықтардың саны 1,5 миллионға жеткен. Олардың қатарында студент жастар да бар.

Лудомания – әртүрлі ойындарға бәс тігіп, жеңіл жолмен ақша табуға құмартқандарды ақырында өлімге апаратын қауіпті дерт. Сондықтан да, жастарды одан сақтандыру, қорғау, құтқару азаматтық қоғамның ортақ міндеті. Оқу орны ұйымдастырған жиында құрмар ойынға салынып, отбасынан ажырап, оқуынан айырылып, қарызға батқан, басынан ауыр тағдырды өткерген азамат өз оқиғасын студенттерге баяндап берді. Сондай-ақ, қауіпті дерттен оңалтатын, құқықтық көмек, психологиялық қолдау көрсететін «Жаңа өмір» жобасы таныстырылды.

«Қазақстан бойынша лудомания дерті қатты өршіп бара жатыр. Сондықтан, Атырау қаласынан адамдарға көмектесетін орталық аштық. Бұнда ойыншы, оның ата-анасы, жақындары, яғни кез келген адам келе алады. Орталықта заңгерлер, психологтар, кеңесшілер болып әрбір ойын шырмауына түскен азаматқа кешенді терапия жасалады» дейді жоба авторы Нұртас Нұрғалиұлы.

Сонымен қатар, орталық маманы көмек сұраған азаматтардың құпиялығы қатаң сақталатын ескертеді.  

Еркін форматта өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, тұшымды жауаптарын алды.