Атыраулық полицейлер қарияларды қуантты

Атырау қалалық полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қашан да қайырымдылық іс-шараларының басы-қасынан табылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтайтын, сондай-ақ тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мүмкіндігінше көмек беруге ұмтылатын полицейлер аз қамтылған отбасыларға, балалар үйі мен қарттар үйін де мереке қарсаңында қолдауды, көмек беруді де дәстүрге айналдырған. Батальон басшыларының айтуынша ел үшін еңбек ететін қызметкерлердің батылдығы мен батырлығы қоғамға деген қамқорлығынан туындайды. Оған дәлел деп Атырау қаласындағы осы Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің көпірден секірген, мұз ойылып суға кеткен, жоғары қабаттан секірмек болған адамдарды ойланбастан жанын шүберекке түйіп құтқаруы, жауапты сәтте үнемі жауапкершілік танытулары дер едік.

13 ақпан күні Атырау қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ақжар ықшам ауданындағы екі қарияның үйіне азық-түлік жеткізіп, үй ауласын қардан тазалап берді. Ауласын қар басып есік алдына шығуы қиындаған қарттар қызметкерлердің қолғабысына алғысын айтып, жұмыстарына табыс тіледі.