Атыраулық оқушылар қарттар үйіне барып, тосынсый жасады

Атырауда жүрек тебірентер қайырымдылық шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Наурыз мерекесі қарсаңында “Жүректен жүрекке” қоғамдық бірлестігі мен Қайырғали Смағұлов атындағы мектеп оқушылары Қарттар үйіне барды. Ондағы қариялармен пікірлесіп, жағдайларын білді. Оларға арнап дайындаған сыйлықтарын тарту етті. Сондай-ақ, әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Басты мақсат – осындағы ақсақал аталар мен ақжаулықты әжелерге жүрек жылуын сыйлап, ақ батасын алу.

"Біз бүгін мейірімге мұқтаж аға буын өкілдерімен кездесіп, оларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтадық. Жылы лебіздері мен ақыл-өсиеттерін тыңдадық. Өз өнерімізді ортаға салып, бір сәтке болса да оларға қуаныш сыйладық. Енді алдағы уақытта балалар үйіне де барып, аялы алақанға зәру жандарға тосынсый жасағымыз келед" дейді еріктілердің бірі Шұғыла Рахымжан.

Айта кетейік, мектеп жанынан құрылған еріктілер ұйымы қайырымдылық шараларды үзбей өткізіп келеді. Оның құрамында әзірге онға жуық оқушы бар. болашақта бұл тізім әлі де толыға түсетіндігіне күмән жоқ.

Қасиет БАХКЕРЕЙҚЫЗЫ