Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар мемлекеттен берілетін ортопедиялық бұйымдарды монетизациялауды сұрап отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыс әкімдігінің жауапты мамандары мен халық қалаулылары «Нейробалалар ғажап бар» қоғамдық бірлестігінің төрайымымен кездесіп, бірқатар проблемалық мәселелерді талқылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
— Өздеріңізге мәлім, мүмкіндігі шектеулі азаматтар барлық әлеуметтік қызметті тікелей әлеуметтік порталдан алады. Бұл – мүмкіндігі шектеулілер үшін өте тиімді. Қазір мүгедектігі бар азаматтардың басым бөлігі порталмен жұмыс жасауға машықтанып қалды. Алайда, ондағы ортопедиялық құралдарды бір адамға шақтап алу мүмкін болмай отыр. Аяққа, қолға арналған ортопедиялық құралдар әсіресе, балаларға дәл келіңкіремей қалады. Сол себепті, оны монетизациялау тиімді әдіс. Одан кейін міндетті гигиеналық құралдарға жататын жөргектер саны бір жылға 730 данадан келеді. Бұл да ерекше қажеттілігі бар балалар үшін аздық етеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен олардың асыраушыларының осындай мұң-мұқтаждықтарын ескере келе, арнайы «Жол картасы» әзірленді,- деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Мүгедектігі бар адамдарға қатысты туындаған проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі Жол картасында осыған дейін көтеріліп жүрген барлық мәселенің шешімі қарастырылған.
Мәселен, әлеуметтік порталда берілетін жөргектер санын 730-дан 1460-қа көбейту үшін облыс әкімдігі тарапынан ұсыныс беріліп, қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде.
Бұдан бөлек мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін арнайы кезектілікті қарастыру және кезекпен берілетін тұрғын үйді тегін беру мәселелері бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тұрғын үйді сатып алу механизмін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіледі.