Атырауға 150 орындық оңалту орталығы салынбақ

Облыста 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырауда оларға арналған арнайы орталықтар қашан салынады? Орталықтардың жетіспеушілігінен олар сонау Алматы немесе Ақт­беге барып емделуге мәжбүр. Бұл мәселе қашан шешімін таппақ? Бұл сауалға журналистермен кездескен өңір басшысы Серік Жамбылұлы жауап берді.

– Өте орынды сұрақ. Біз биыл 150 орындық оңалту орталығының құрылысын бастағалы отырмыз. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған. Бұл мəселені арнайы талқылаған болатынбыз. Қазір облыстағы бір ғана орталық тиісті талаптарға сай келмейді. Мысалы, аутизммен ауыратын балалармен жүргізілетін арнайы жұмыстар болады. Оңалту орталығы болғандықтан, олардың тиімділігі болу керек. Біз мəселені талқылаған уақытта тəрбиелеп отырған ерекше баласы бар, үкіметтік емес ұйым ашып отырған ата-аналардан жаңа орталыққа не қажеттігі, нендей методикамен жұмыс жасау керектігі туралы ұсыныстарын сұрадық. Өйткені, ғимарат бой көтеріп, заманауи құрылғылармен толықтырылса да, ең алдымен жұмыс жасаудың арнайы методикасы болуы шарт. Сонда ғана ісіміз нəтижелі болмақ. Жаңадан салынатын орталық толықтай балаларға, оларды оңалтуға арналған нысан болады. Мұндай шешім тектен-тек қабылданған жоқ. Сырқат сəби кішкене күнінен бастап оңалту ем шараларын қабылдаса, оның нəтижесі де жақсы болады. Баланы сауықтырып, асқынулардың алдын аламыз. Ал, есейген кезде алған емнің нəтижесі аз болады. Сондықтан, жаңа орталық балаларға арналып салынады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ