Атырау қаласында қоғам, дін және салт-дәстүр аясында жастарды тәрбиелеу, жат ағымдардың алдын алу және патриоттық сананы қалыптастыру мәселелеріне арналған кеңейтілген кездесу өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараны Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ұйымдастырды. Жиынға облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, дін саласының мамандары, теологтар мен жаттықтырушылар және 300-ге жуық спортшы қатысты.
Кездесудің мақсаты – жастар арасында рухани иммунитетті күшейту, ұлттық салт-дәстүр мен діннің үйлесімділігін түсіндіру, сондай-ақ жастарды жат діни ағымдардан қорғау бойынша өзара іс-қимылды күшейту.
Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов жиынды ашып, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Дін мен спорт – адам тәрбиесінің басты екі тірегі. Екеуі де жастарды тәртіпке, төзімділікке, рухани тазалық пен отансүйгіштікке баулиды. Спорт тек денені емес, рухты да шыңдайды. Ал дін – ұлттық болмысты сақтайтын, ұлтты ұйыстыратын қуатты рухани күш. Сондықтан бұл екі саланың өкілдері бірігіп, жастармен жұмыс істеуде ортақ бағытта әрекет етуі өте маңызды, – деді ол.
Кездесу барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, Иманғали мешітінің наиб имамы Қанағат Муслимов, Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық-талдау орталығының маманы Исатай Ғизатов, «Шапағат» орталығының теологы Ринат Орынғалиев, спорт мекемелерінің басшылары және жаттықтырушылар сөз алып, діни тәрбие мен салауатты өмір салтын ұштастыру бағытында ой бөлісті.
Муайтай спорт түрінен облыстың аға жаттықтырушысы Нұрберен Әміржанов өз сөзінде дін мен спорттың жастар өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Жат ағымдармен күресте біз тек теологтарға сеніп отыра алмаймыз. Спорт жаттықтырушылары да осы істің бір шетінде жүруі тиіс. Біз жастарға физикалық дайындық қана емес, рухани тәрбие де бере білуіміз керек. Жаттығу залындағы тәртіп пен еңбекқорлық – бұл өмірлік қағидаға айналуы тиіс. Ал дін – сол тәртіптің негізі, – деді Н.Әміржанов.
Жиын соңында қатысушылар ашық пікір алмасып, сұрақ-жауап алаңында өз ұсыныстарын білдірді.
Іс-шара «Дене шынықтыру мен спорт саласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасы» аясындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бағыттағы жиындар алдағы уақытта да жалғасын табады.
