Елімізде терроризмге қарсы күрес және лаңкестік әрекеттердің алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді. Әсіресе, жастардың зайырлы мемлекеттегі рөлі мен орны, олардың толеранттылық пен түсіністік қағидаларын қаншалықты меңгергені аса маңызды. Осы орайда, жастардың діни сауаттылығын арттырып, зайырлылық ұғымын терең түсіндіру мақсатында биыл мамыр айында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар легі өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атап айтар болсақ, Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында қызметкерлерге арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру шарасы ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – басқарма қызметкерлерінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардан қорғанудың жолдарын түсіндіру. Іс-шараға Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Олжас Сдыхов және “Шапағат” ҚҚ-ның теологы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Жасұлан Бағытжанов қатысты. Олжас Сдыхов шара барысында экстремизм мен терроризмге қарсы жүргізіліп жатқан құқықтық шаралар туралы сөз қозғап, қызметкерлерге нақты құқықтық жауапкершіліктерін түсіндірді. Ал Жасұлан Бағытжанов деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардан қорғану жолдары туралы айтты.
Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен “Жастардың зайырлы қоғамдағы рөлі: төзімділік пен түсіністік” тақырыбында кең ауқымды кездесу өтті. Шара барысында қоғамдағы зайырлылық қағидаттарын түсіндіру, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ толеранттылық пен қоғамдық келісім идеясын кеңінен насихаттау мақсат етілді. Спикерлер қатарында Атырау облысы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, “Шапағат” қоғамдық қорының теологы Жасұлан Берікұлы мен “Ақпараттық-талдау орталығы” КММ маманы Исатай Ғизатов болды. Олар зайырлы мемлекет құрылымының ерекшеліктері, жастардың ақпараттық қауіпсіздігі, деструктивті діни идеологиялардан қорғану жолдары туралы маңызды ойларымен бөлісіп, презентациялар арқылы заңнамалармен, жаңа бағдарламалық әдістермен таныстырды. Жасұлан Берікұлы діни көзқарастағы төзімділіктің маңызын атап өтсе, Исатай Ғизатов зайырлылықтың демократиялық қоғамдағы орнына тоқталды. Кездесуде жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Кездесудің ерекшелігі – ашық диалог форматы мен белсенді аудитория. Қатысушыларға арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, тақырып аясында мазмұнды әңгіме өрбіді.
Сол сияқты, Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы 99245 әскери бөлімінде “Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу” тақырыбында ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті. Оған жетпіс адам қатысты. Кездесуге Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) мүшесі, “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының теологы Оташбаев Елдос және Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Жұмағалиев Бақберген қатысып, әскери бөлімнің жеке құрамына дін мен терроризмнің ара-жігін ажырата білу жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Теолог маман терроризм мен экстремизмнің түп-төркіні және оның идеологиялық негіздері, әскери қызметкерлердің дінді дұрыс түсінуі – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі екенін айтса, Полиция департаментінің өкілі дін атын жамылып ел ішіне іріткі салатын ағымдардың тактикалары, діни алаяқтардан сақтану жолдары мен ресми діни ақпарат көздерін қолданудың маңыздылығы туралы мәселелерге тоқталды. Кездесу барысында әскери қызметкерлер сұрақ қойып, нақты өмірлік жағдайлар төңірегінде пікір алмасты.
Сонымен бірге, Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының ұйымдастыруымен З.Қабдолов атындағы №40 орта мектепте “Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу” атты ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді. Оған сексен адам қатысты. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, қоғамда радикалды идеологиялардың таралуының алдын алу және мемлекеттік-конфессиялық саясатты түсіндіру. Кездесуге Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Сейфуллин, сондай-ақ комитеттің бас сарапшысы Мейірман Келесов қатысты. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері – “Жәрдем-Атырау” КҚ директорының орынбасары Мейірбек Құбышев, “Шапағат” ҚҚ теолог маманы Жасұлан Бағытжанов, “Ақпараттық-талдау орталығы” КММ-нің маманы Исатай Ғизатов және Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Олжас Сдыхов қатысты. Кездесу барысында мамандар деструктивті діни ағымдардың белгілері, интернеттегі жалған діни насихаттан сақтану жолдары және зайырлы қоғамның құндылықтары туралы жан-жақты мағлұмат берді. Оқушылар мен мұғалімдер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев өз сөзінде діни сауаттылықтың маңыздылығына ерекше тоқталып, жастардың адасушылықтан сақтануында мұндай кездесулердің рөлі зор екенін атап өтті.
Өңірдегі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар аясында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының ұйымдастыруымен “Ембімұнайгаз” ұлттық компаниясының қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті. Кездесуге “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қоры директорының орынбасары Мейірбек Құбышев, облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, ардагер ұстаз Серік Сапанов, “Шапағат” қоғамдық қорының теологы Нұрлан Олжабай, сондай-ақ “Ақпараттық-талдау орталығы” КММ-ның маманы Исатай Ғизатов қатысты. Жиын барысында Мейірбек Құбышев өңірдегі діни ахуалға шолу жасап, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жобалар мен олардан күтілетін нәтижелер жайында кеңінен баяндады. Ол діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда профилактикалық жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті. Серік Сапанов өз сөзінде теріс ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыруда білім мен ұлттық құндылықтардың рөлін ерекше атап өтіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңыздылығын жеткізді. Теологтар деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы күресу үшін отбасылық тәрбиенің, дәстүрлі діннің және зайырлы білімнің үйлесімді болуы керектігін айтып өтті. Исатай Ғизатов өз баяндамасында интернет пен әлеуметтік желілердегі діни экстремизмнің таралу қаупіне назар аударып, радикалды ағымдардың ақпараттық айла-тәсілдері туралы түсіндірді. Ол әрбір азаматтың діни ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуы керектігін ескертті.
Сондай-ақ, Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының ұйымдастыруымен “Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу” тақырыбында Атырау облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының ғимаратында шетелдіктерге арналған ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті. Қатысқандар саны - 40-қа жуық. Кездесуге АТТ мүшелері - “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының директорының орынбасары Мейірбек Құбышев және “Шапағат” ҚҚ теолог маманы Жасұлан Бағытжанов қатысты. Олар шетелдіктерге діни экстремизмнің белгілері мен радикалды ағымдардың қауіптілігін, ел ішінде татулықты сақтау, келісімнің маңыздылығын түсіндірді. Шара соңында қатысушыларға ақпараттық кітапшалар таратылды.
Бұдан бөлек, биыл 21 мамырда Атырау қаласында Терроризмге қарсы күрес жөніндегі теңіз жедел штабының ұйымдастыруымен жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығу өтті. Мақсат – терроризм актілеріне жедел ден қою бойынша іс-қимылдарды пысықтау. Жаттығу барысында Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі «Шалыга» аралы маңында теңіз кемесінде терроризм әрекеттерінің жолын кесу үшін мемлекеттік органдардың арнайы бөлімшелері катерлермен суға түсу элементтерін орындады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ҚР Терроризмге қарсы орталығы