Атырау облысында өз тарихы мен мәдениетін дәріптеп, ұлттар достығын нығайтып келе жатқан Татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне биыл 30 жыл толды. Сонымен қатар бірлестік жанынан құрылған «Татулық» хорының құрылғанына — 25 жыл,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мерейтойлық іс-шара облыстық Достық үйінде өтті. Мұнда Татарстаннан арнайы келген делегация, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен ардагерлер, сондай-ақ жастар мен қала тұрғындары қатысты.
— Бүгінгі мереке өте жақсы өтті, көңіліміз көтеріңкі. Біз хорда түрлі халық әндерін айтып, өз өнерімізді көпшілікке паш еттік. Іс-шараға әртүрлі жақтан қонақтар келіп, барлығымыз бір үйдің адамындай әсер алдық. Осындай басқосулар татулық пен достықты одан әрі нығайтады. Бізге қолдау көрсетіп, қуанышымызды бөліскен барша жанға алғыс айтамыз!– деді қатысушы Руфия Сабирова.
Мерекелік кеште татар және башқұрт халықтарының ұлттық әндері мен билері орындалып, халық шығармашылығынан көріністер қойылды. Көрермен назарына хор ұжымының шығармашылық жолын баяндайтын бейнеролик ұсынылды.