Атырауда тұтынушыларға 36 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды

Бұл туралы Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Алем Уалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, былтыр Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1101 арыз келіп түскен. Оның ішінде, 701 арыз – жазбаша, 169 арыз – телеграм бот арқылы, сондай-ақ 152 арыз - басшы және мамандардың қабылдауымен болса, 79 арыз - жедел желі арқылы келген. 

-    Тұтынушылардың арыздарын қарау барысында 16 жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 14 «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, қысқартылған тәртіппен 2 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 138 мың теңге. Оның барлығы дерлік мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар тұтынушылардың арыздарын қарау және тұтынушыларға консультативтік көмек көрсету барысында жалпы сомасы 36 миллион теңгеден астам қаражат тұтынушыларға кері қайтарылған болатын, - деді А.Уалиев.

Одан бөлек, 2019 жылы ҚР Сауда және интеграция министрлігімен тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай жүйесі – e-tutynushy.kz сервистік платформасын іске қосты. Аталған платформа тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі өтініштерді жедел қарауға және заңнама нормаларын түсіндіруге арналған. 

-    Платформаның басты міндеті – туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында азаматтар мен бизнес, қоғамдық ұйымдар мен мемлекет өкілдерінің өмір сапасын жақсарту. Сонымен қатар сервис дербес компьютерлерде және ұялы телефондарда қолжетімді. Кез-келген уақытта сервистік орталықта және тағы басқа орындарда оңай пайдалануға болады, - деді «Қара Шаңырақ Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Лугзана Байлауова.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бағытындағы қоғамдық бірлестіктің өкілдері «Сапалы өнім» тұжырымдамасының аясында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін анықтау мақсатында облыс аумағында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға хабарланып, тиісті шаралар қолданылатын болады.

Департамент басшысының айтуынша, былтыр өңірлік комиссия отырысы нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын 15% сауда үстемесінен асырып сатқан және өнімсіз делдалдар бойынша 42 бұзушылық фактісі анықталған. Сонымен қатар «Сауда қызметін реттеу туралы» Заң талаптарын бұзған 27 кәсіпкерлік субъектіге шара қолданылып, жалпы сомасы 18 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.