«Абай мұрасы халық – даналығы» республикалық жастар марафоны Атырау облысында жалғасты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, «Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалы және
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының қолдауымен «Абай мұрасы халық - даналығы» рухани-әдеби кеші өтті.
Іс-шараның мақсаты - Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұлы ақынның рухани және әдеби мұрасын насихаттау, оның шығармашылығын жастарға таныту. Өйткені, Абайдың әрбір өлеңі - өшпес мұра, әрбір әні - мәңгілік әуен. Ұлы ойшылдың сөзі де, үні де қазақпен бірге жасай бермек.
Мерекелік шараға қала тұрғындары мен қонақтары, өнер сүйер қауым және жас буын өкілдері жиналды. Алаңда Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Жергілікті өнерпаздар мен қонақтар ақынның даналыққа толы шығармаларын жүрек тебірентерлік сезіммен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шараға жүзге жуық Атырау қаласының жастары мен тұрғындары қатысты.
Амандық АБДОЛ
