Атырауда педагогтарға пәтер берілді

Атырауға Арнаулы бағдарлама бойынша келген педагогтерге пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Биыл жаңа оқу жылынан бастап «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы» Үкімет  Қаулысына сай  Атырауға 9 педагог  келген болатын. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев «Арнаулы бағдарлама» бойынша  өзге өңірлерден келген мұғалім  кадрлерге пәтер кілттерін табыс етті. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысынан келген тарих пәнінің мұғалімі Айнагүл Ережепова, физика пәнінің мұғалімі Валентин Козлов,  Шығыс Қазақстан облысынан келген тарих пәнінің мұғалімі Сымбат Кабышева,  Ақтөбе облысынан келген Қайсар Нұртанов, бастауыш сынып мұғілімі Гүлүзім Амангелді бар.

Айта кету керек, қазір басқа өңірлерден келген мұғалімдердің еңбек етуіне барлық жағдайлар жасалған. Арнаулы бағдарламаға сай оларға лауазымдық айлықақының 150%-ы мөлшеріндегі қосымша ынталандыру ақысы төленуде.

«Бүгін баспана кілтін алып үлкен қуанышқа ие болып жатырмыз. Ендігі мақсат – табысты еңбек ету. Саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу» - дейді №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Валентин Козлов.

  Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен кездесу барысында ұстаздар мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, сағаттар бөлу кестесін жүйелеуге қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Өңір басшылығы тарапынан жасалып жатқан қолдауға ризашылықтарын білдірді.