Атырауда онкологиялық орталықтың құрылысы екі кезеңмен жүзеге асуда - Серік Шәпкенов

Атыраудағы онкологиялық диспансердің құрылысы жоспарға сай екі кезеңмен жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы өңір басшысы Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналист сұрағына жауап бере отырып түсіндірді.
«Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы қаржылық мәселесі созылып кеткен онкологиялық орталықтың құрылысын жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың қолдауымен шешуді тапсырған еді. Қазір бұл жұмыс қалай жүзеге асырылып жатыр?» деп сұрады журналист.

«Онкологиялық диспансердің құрылысы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – радиологиялық корпус. Оның құрылысын келесі жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Екінші кезең – негізгі аурухананың жатын корпусы. Ол үшін бұрынғы ғимаратты толығымен сүріп, орнына заманауи талаптарға сай жаңа нысан салу көзделген. Жоба дайындалып бітті, қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ең маңыздысы – бұл екі кезеңнің де қаржылық мәселесін NCOC компаниясы толық шешіп берді»,
- деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Атырау облысында онкологиялық қызметті жетілдіру және заманауи емдеу инфрақұрылымын дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ